Ел егемендігінің 28 жылдығына орай ауданда көптеген шаралар ұйымдастырылып, айтулы мереке өз дәрежісде аталды. Өскелең ұрпаққа берер өнегесі бар сондай шараның бірі ретінде «Арлан» балалар мен жасөспірімдер патриоттық қозғалыс және дене дайындығы клубның ұйытқы болуымен өткен әскери-патриоттық-спорттық ойында айтуға болады.
Жастардың арасында салауатты өмір салтын насихаттау, оларға патриоттық-әскери тәрбие беру, Отанын сүю мен елін, жерін қадірлеуге баулу мақсатында түңлігін түрген додаға мектеп оқушылар белсенді қатысты.
Әскери доданың ашылуында алғы сөз алған аудандық білімді дамыту оқу-әдістемелік орталығының АӘжТД және ДТ әдіскері, сайыстың бас төрешісі Б.Сыдықов жиналғандарды келе жатқан тұғыр тәуелсіздіктің 28 жылдығымен құттықтап, өзінің ақжарма тілегін жеткізді. Сондай-ақ қатысушыларға сәттілік тілеп, шын мықтылар шың басынан көрінсін деген ниетін білдірді.
«Арлан» балалар мен жасөспірімдер патриоттық қозғалыс және дене дайындығы клубның жетекшісі Т.Мұқашев: «Талай жылғы михнаттан кейін қол жеткізген егемендігіміз еліміздің ең басты құндылығы. Оны тұғырына көтеру қаншалықты қиын болса, ұстап тұру одан да қиын. Тәуелсіздік дейтін ең асыл байлық қазіргі сіздердің қолдарыңызда. Себебі болашақтың мираскері өздеріңіз»,- дей келе, айтулы мерекемен құттықтап, бәсекенің ереже-талаптарын түсіндіріп кетті.
Аталған жарыс М.Мыңбайұлы атындағы орта мектепте өтіп, қатысушылар 5 кезең бойынша бап пен бақ таласына түсті.
Алғашқы сында командадағы 2 ұл, 2 қыз пнвматиалық мылтық пен пистолеті нысанаға дәл тигізу бойынша сараланды. Олар барлығы 8 оқ алып, (3 оқ дайындыққа, 5 оқ ұпайға), 8 метрлік қашықтықтан мылтықпен отырып, пистолетпен тұрып ату бойынша тартысқа түсті.
Екінші кезеңде Калашников автоматын уақытқа бөлшектеп, қайта жинау, келесі сынақта әскери газға қарсы арнайы киімді кию, төртінші сатыда кермеге тартылу, соңғы сында денені жерден көтеріп-түсіру сынды сайыстарда сыналды.
Барлық командалардың дайындығы жоғары болып, қарсыластар бәсекеге лайықты екендіктерін көрсетті. Әр кезеңде ептілік, шапшаңдық, табандылық танытып, жүлделі орыннан көріну үшін барларын салды. Олардың оқушы болғандарына қарамастан әскерилерге тән тапсырмаларды орындап, үздік көрсеткіштерге қол жеткізгендіктері көрермендерді де, әділ қазылар алқаларын да таңғалдыры. Бұдан болашақ лайықты қолдарда екендігін аңғару болады.
Тартыс бар жерде жеңімпаздар да болатынын ескерсек. Әскери додада Үшарал №2 орта мектебі үшінші орынға орнықты. С.Иманасов атындағы орта мектебінің шәкірттері екінші орынның шыңына шықса, қарсылас шақ келтірмеген Үшарал №1 орта мектебінің оқушылары өзгелерден оқ бойы озып, бас жүлдені қанжығалады.
Жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталып, әскери бағыттағы және патриоттық тәрбие берілді.
А.АСХАТҰЛЫ.