Желтоқсаншылармен жүздесті

Тұғыры биік тәуелсіздігіміздің 28 жылдығына орай аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында сонау 86-ның сұрқай күнінде «Елім менің» деген ұрынымен атойлап, Алматының алаңын дүр сілкіндірген желтоқсаншылармен жүздесуі өтті.

Егемендік пен ел тағдыры үшін тайсалмаған аға-әпкелеріміздің қатысуымен түңлігін түрген кездесу еркін әңгімелесу форматында өрбіді.

Аудан әкімінің орыбасары А.Абдинов рухы бекем, Отанға деген сүйіспеншілігі биік желтоқсаншылардың қатарында алакөлдік өрендер де болғандығын айтып, олардың көзсіз ерлігі мен жанқиярлығына кейінгі толқын өкілдері бас ию керектігін жеткізді. Сондай-ақ сол оқиғаға қатысып, талай азап пен мазақты бастан өткерген азаматтармен таныстырып, жастардың көзтігер темірқазық тұлғалары солар екендігін тілге тиек етті.

Зарбады бен залалы орасан оқиғаның қақ ортасында болған Ә.Уәлиева? талай боздақтар мен бойжеткендердің қанымен жазылған сол заматтың егемендігімізді еншілеудегі алғашқы қадам болғанын, осы жолда жалғанның жарығын аз ғана уақыт көріп, өмірмен ерте қоштасқан жандардың есімі елмен бірге жасай беретінін сөзінің арқауы қылды.

Желтоқсан желімен алысып, сүйектен өкен аяз бен соққыға қарамастан солақай саятқа тіксіне қараған Қ.Иманғалиевталай жантүршігерлік оқиғалар орын алған сол күнді аса мұңмен еске алды. Қыршын кеткен қатарластарын, таяқ астында қалған құрдастарын, қудалау мен қуғынға ұшыраған замандастырының зарын әңгімесіне сыйдыра алмай, тәуелсіздік бізге оңайлықпен келмегенін, ендігі оны осы қалпында ұстап қалу қазіргі толқынға жүктелгенін бас айтты.

Тәуелсіздік төл құрдасы, «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшесі М.Мұқаева болашақ кілтін қолдарында ұстаған жастар 86-да сұрқия саясатқа қарсы шығып, қазаққа қазақ басшы керек деп ұран салған алдыңғы толқын өкілдерінен өнеге алып, солар секілді болуға ұмтылатындарын жеткізді.

Артынша аудан әкімінің орынбасар А.Абдинов желтоқсаншыларға арнайы сыйлықтар табыстап, олардың ерлігі тәуелсіз тарихымыздың тармақтарында алтын әріптермен жазылғандығын жеткізді.

Шыны керек, желтоқсан оқиғасы қазақ тарихындағы қаралы күндердің бірі саналады. Мыңдаған боздақтар Алматының алаңына шығып, ел үшін шыбын жандарын шүберкке тыйғандары мәлім. Небәрі он алты жастағы Сәбира мен Ләззат ерлерден артық ерлік көрсетіп, өліммен арпалысқа түссе, жиырмадан енді асқан Қайрат пен Ербол сол оқиғаның алғашқы құрбандары болды. «Қазақ қыздарын шашынан сүйреп, ұрып жатыр дегенді естігеннен кейін алаңға шықтым»,- деп, нағыз қазақы жігітке тән батылдық танытқан ер ағамыз Қайрат соңғы сөзінде: «Еркек тоқты құрбандық, Атам десең атыңдар»,- деген қайсарлығының арқасында еліміздің өрлігін бір дәлелдеп кетті. Нәзіктігіне қарамастан өзгелермен иық тірестіріп, «Шеруді мен ұйыдастырдым, басқалаырн оқудан шығармаңыздар, бәрен мен кәнілімін»,- деп, ерлік танытқан Сәбира да бар ауырпалықты арқалай алмай, бесінші қабаттан секіріп, о дүниелік атанды. Ауыр жарақаттан есін жия алмаған Ербол, алғашқы құрбан болған Ләззат та бүгінгі тәуелсіздігіміз үшін жанын берді. Олардың есімі егемендігімізбен тел аталып, ғасырлардан ғасырларға жалғаса берері сөзсіз.

Н.МАҚСАТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: