Тура айтып туғанына жақпайтын қазақ халқының тектілік тамырына саңырауқұлақша жабысқан сыбайлас жемқорлық бүгінгі таңда ең өзекті тақырыптардың бірінеайналды. Мемлекет қаржысын, қарапайым халықтың несібесін талан-таражға салып, дорбалап емес арбалап жымқыратын әумесерлердің де қарасы көбейді.
Пара алу, беру мәселесі бүгінгі таңда кез-келген салаға салмағын түсіріп отыр. Білім беру, медицина, құрылыс, ауылшаруашылығы, мемлекеттік қызмет, жеке кәсіп, құқық қорғау салаларында тіпті балабақшалардың да қақпасынан сығалаған сыбайлас жемқорлықтың уыты кеңінен жайылып келеді. «Бермесең алмайсың» деген түсінік жастың да, кәрінің де көкейіне ұялап алған.
Шындық деп шыңырауға үңіліп, сұмдық деп сұмырайға сөз қайтаратын, ел мүддесін өз мүддесінен биік қойып, мансапты мақсат тұтпай, халық игілі үшін алашапқын болып жүрген азаматтар да жетерлік. Қоғам дертінің тамырына балта шабу мақсатында көптеген кемел істер атқарылып, кенен бастамалар да көтерілді. Арнайы заң талаптары бекітіліп, тиісті органдар қарқынды қызмет атқаруда. Алайда бір қатаңдық жетіспейтіндей көрінеді. Жеме-жемге келгенде алғандар «Алмаған», бергендер «Бермеген» болады да шығады. Есесіне, осылай шешім шыққанына ұйытқы болғандар байып жатады, шалқып өмір сүреді. Соңында қара халық сорлап қала береді.
Меніңше, тиынын жесе де, түгелін жесе де қатаң жаза, қатал кесім айтылса креслосын ойлағандар сәл тиылып, жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстық, көз қысты, бармақ басты әрекеттер де саябырситын еді. Және де сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың алғышарттарының бірі құқықтық сауаттылықты арттыру. Кейде, өз білімсіздігімізден қасқыр тірліктің азуына ілігіп, сан соғып қалатынымыз да бар. «Жемқорлық» атауын естігенде немқұрайлы қарап, өз басымызға төнбейтін бұлт секілді жайбарақатат жүре береміз де, ертеңінде еңіреп отырамыз. Абайша айтсақ қолымызды мезгілінен кеш сермеуіміздің кесірінен осы кеселдің құрбаны болып жатамыз. Сондықтан да құқықтық сананы жаңғырту бұл дерттің жолын бөгеудің алғашқы кепілі.
«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші, экономика тамырына уытын жайған жемқорлықпен күресті қоғам болып қолға алған жөн. Сонда ғана ғасыр дерті атанған кесапаттың кесіріне қарсы тұра аламыз.
К.ӘУБӘКІРОВ,
РМК «ҚазСуШар» Алматы филиалы аудандық өндірістік учаскесінің басшысы.