Жетісу облысы – аграрлы аймақ болғандықтан, бірінші кезекте ауыл шаруашылығын дамыту мен өңдеу саласына айрықша назар аударылуда. Биылғы жылы облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 35 млрд. теңге бағытталды, оның 23,3 млрд. теңгесі немесе 66,6% – субсидиялар. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар орталығы алаңында өткен брифинг барысында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев мәлімдеді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары 510 мың га құрады. 872 мың тонна дәнді дақылдар, 195 мың тонна майлы дақылдар, 266 мың тонна көкөніс-бақша дақылдары, 132 мың тонна картоп өндірілді.
— Өздеріңізге мәлім, қант саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Ақсу қант зауыты толық жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Облыстың 5 ауданында 8 жаңа сервистік-дайындау орталығы құрылып, 30 шаруа қожалығына құны 2,5 млрд. теңгеге қант қызылшасы өндірісіне қажетті 62 бірлік техника сатып алынды. Биыл қант қызылшасының егіс алқабы 1,7 есеге ұлғайып, 13,7 мың гектарға жеткізілді, одан рекордтық өнім — 635 мың тонна тәтті түбір жиналды, — деді Б. Исабаев.
Белгілі болғандай, нәтижесінде екі қант зауытында 94 мың тонна қант өндіру жоспарланып отыр, оның ішінде қант қызылшасынан 64 мың тонна, қамыс құрағынан 30 мың тонна қант шығарады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев