Жетісу облысында интернет-алаяқтықпен күрес қарқынды жүргізілуде

Бүгінгі күні облыс бойынша 341 интернет-алаяқтық жағдайы анықталса, оның басым көпшілігі, 207 жағдайы облыс орталығы Талдықорған қаласында орын алған. Текелі қаласы бойынша – 31, Алакөл ауданында 21, Көксу ауданында 18 қылмыс анықталған. Өңір тұрғындарына келтірілген материалдық шығын көлемі 516,7 млн.теңгені құраған. Бұл туралы Өңірлік коммуникация алаңында өткен брифингте Жетісу облысының Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Ернат Абдрахимов мәлімдеді.
Интернет –алаяқтық фактілері тауар мен қызметтер, жарнамалар үшін Instagram, WhatsApp, Telegram әлеуметтік платформаларында, kolesa.kz, olx.kz онлайн қосымшаларында алдын ала төлем жасау кезінде, онлайн түрде несие рәсімдеу кезінде, жалған аккаунттар арқылы қарыз сұрау мен шетелдік платформалар, қазақстандық банктер мен компаниялар арқылы инвестиция құюға байланысты қызметтерде көбірек орын алған.
Қылмыстың бұл қауіпті түрінің алдын алу мақсатында криминалдық полиция басқармасы арнайы іс шаралар алгоритмін әзірлеген. Мамандардың айтуынша, «CyberPol» тобы күнделікті қылмыстық істерге сараптама жасап, жедел-іздестіру шараларына қатысты қосымша ұсыныстар беріп отырады.

Мәліметпен бөлісу: