Жетісуда қар басатын жолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтілді


Жетісу облысында ұзындығы 197 шақырым болатын 12 қар басатын учаске бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар автожолдарда – 2, облыстық жолдарда – 10 учаске орналасқан. Жол желісінің бір бөлігі Архарлы және Алтынемел асуы арқылы өтеді.
Қыс мезгілінде жыл сайын 100-ден астам көлік қар құрсауында қалып, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Сол себепті қауіпсіздікті қамтамасыз ету және төтенше жағдайларға ден қою мақсатында 2 трассалық медициналық-құтқару пункті дайындалған. Олар Сарқан» – Алматы-Өскемен трассасының 400-шақырымы, Үшарал – Алматы-Өскемен трассасының 555-шақырымы. Сонымен бірге, 21 стационарлық жылыту пункті дайындалды.
Жолдарды тазалау үшін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалы 55 техника бірлігін, ал Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 141 техника дайындаған. Қосымша, ТЖ департаментінің жедел әрекет етуге арналған 44 жоғары өтімді техникасы дайындалды.
Айта кетейік, өткен қыс мезгілінде жедел-құтқару жұмыстарына 29 шығу ұйымдастырылды. Нәтижесінде 281 адам құтқарылды, оның ішінде 16 бала және 59 шетелдік азамат бар. Сонымен қатар, 22 адам төтенше жағдайлар аймағынан эвакуацияланды, ал қар құрсауынан 74 техника шығарылды.

Мәліметпен бөлісу: