Аудан әкімі Ә.Жақанбаевтың Абай күнімен құттықтауы

Бүгін 10 тамыз əлемдік деңгейдегі ойшыл, ұлт руханиятының темірқазығы – Абай Құнанбайұлының туған күні.

ҚР Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз – Абай күні болып жарияланып, мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілді.

Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, тілі, рухы көрініс табады.

Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмайтын темірқазық іспетті»,- деп алдағы бағыт-бағдарымызды көрсетіп берген болатын.
Ал ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты концептуалды мақаласында: «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады»,-деп дара перзенттің даналық орнын айқындап көрсеткен еді.

Құрметті жерлестер!

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы, Абай күні құтты болсын!

Халқымыздың болмысын дәріптеп, қазақ атын күллі әлемге әйгілі қылған Ұлы тұлғамыздың есімі мәңгі тарих санасында жаңғырсын.
Ел іргесі бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Мәліметпен бөлісу: