Адам денсаулығы және өмірі мемлекеттің басты байлығы саналғандықтан медицина саласына деген көзқарас кейінгі жылдары айтарлықтай өзгерді. Тәуелсіздік тұғырын тіктегелі бері жасампаз істер мен нәтижелі жобалар жүзеге асырылып, заң қағидалары қайта қаралып, тиісті әрі тиімді қаулылар қабылданды. Әсіресе, денсаулық сақтау саласы, отандық дәрі-дәрмек өндірісі нарығында да іргелі де ілкімді істер атқарылды. Әр өңірде әлеумет әлеуеті, қоғам құрылымы мен өмір сүру сипатына қарай медицина жүйесі жаңашылдыққа бет бұрып, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру және кәсіби білім мен біліктілікті жетілдіру жолдары іздестірілді. Бұл үрдіс біздің өңірді де шет айналып өткен жоқ. Тоқсаныншы тоқырау жылдары мен XXI ғасырдың алғашқы кезеңдерінде медицина саласында кадрлар тапшылығы белең алса, кейінгі күндері олардың қатары білікті мамандармен толығып келеді. Сондай-ақ біртіндеп әр ауылдық округке дәрігерлік амбулаториялар салынып, халық игілігіне берілуде.
Жуырда Лепсі ауылында да осындай нысан есігін айқара ашты.Көптен бері талқылаудағы басты тақырыпқа айналған амбулаторияның ашылуына тұрғындар көптеп жиналды.
Сөз алған аудан әкімі Ә.Жақанбаев тұрғындардың денінің сау болуы мен салауатты өмір салтын құлшына қолдауларына ықпал ету басты міндеттер легін толықтыратынын жеткізіп, талайдан бері өзекті мәселеге айналған амбулаторияның ашылуымен құттықтады.
Келесі болып ізгі тілекті жалғаған медицина саласының ардагері Ж.Түшкенова игі істің жүзеге асуына ұйытқы болғандарға халықтың атынан алғысын жаудырып, ақ тілегін ақтарды.
Артынша дәмі кетпеген дәстүр бойынша ақ кимешекті әжелер шашуын шашып, ақ бата беріліп, ғимараттың лентасы қиылды.
Медицина мекемесінің құрылысына жергілікті бюджеттен 87 млн. 250 мың теңге бөлінген. Бас мердігер «Мега Сервис» ЖШС.
Жаңа заманауи құрылғылармен жабдықталған амбулаторияда 5 қызметкер жұмыс жасайтын болады.
Н.МАҚСАТҰЛЫ.