Туристік потенциалы өте жоғары саналатын ауданымыз аталмыш салада көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Биыл көл жағалауына келіп демалушылардың саны бір миллионды еңсеріп, 5 млрд. 811 млн. теңгенің ақылы қызметі көрсетілген болатын. Жыл басынан 18 демалыс орны қолданысқа беріліп, қонақ қабылдайтын орындар саны артты. Енді міне, ҚР Конституция күні қарсаңында тәулігіне 450 адамды қабылдауға қауһарлы көпсалалы «Көктем Гранд Ресорт» қонақ үй кешені ашылды.
Көпшілікті құттықтауға келген облыс басшысы А.Баталов Елбасының тапсырмасына орай қолға алынған ауқымды жұмыстарға тоқталып, туризм саласына таптырмас өңір саналатын Алакөлде жүзеге асатын жоспарлар жайында әңгіме өрбітті.
Сөз алған аталмыш қонақ үйдің директоры М.Әділханов облыс, аудан басшыларының ауқымды жобаның бас көтеруіне көрсеткен қолдауларына ризашылығын білдіріп, туған жерге ту тігу, сол арқылы кіндік қаның тамған өңірдің көркеюіне атсалысу әрбір ер-азаматқа міндет екендігін жеткізді.
«Көктем Гранд Ресорт» қонақ үйінің құрылысына жалпы 2,3 млрд. теңге жұмсалып, жобаны «Falcon Petroleum» ЖШС жүзеге асырды. Жылдың төрт мезгілінде де қызметін тоқтатпайтын демалыс орнының жалпы аумағы 16 гектарды құраса, оның 10 гектары саюбаққа арналған. Бес қабаттан тұратын қонық үй кешеніндегі 107 бөлмеге бір күнде 450 мейман жайғаса алады. Оның 97-і стандартты, 4-еуі люкс және 1-еуі президенттік люкс санатындағы бөлме. Осының нәтижесінде 50 тұрақты жұмыс орны ашылды. Мұнда демалушыларға жазғы кафе, монша, караоке клубы, дүкен, балалардың ойын алаңқайы, воллейбол және үстел теннисінің алаңы, кітапхана, автотұрақ пен жыздық және кешен ішенед қыстық бассейін қызмет етеді.
АЛМАТ АСХАТҰЛЫ.