Темір жол – қауіпті аймақ

Дамыған дәуірдің келбетіне бір зер салсақ, айналаның барлығы жинақы, адам өміріне кесірін тигізер дүниелер үнемі қадағалауда секілді көрінеді. Алайда, қатерлі жерде қапысыз отыруға болмайтындығына немқұрайлы қарайтындар да кездесіп жатады. Соның салдарынан мүгедектік, тіпті өлім жағдайлары да тіркеліп жатады. Осындай қауіпті аймақтың бірі – темір жол.

Күнігі жүздеген пойыздар жүйіткіп, Азия мен Еуропа арасында алтын көпір болып отырған елді мекеннің бірі – Достық ауылы. Тоғыз жолдың торабында тұғырын тіктеген бекеттің бүгінгі қадамы қарымды, бағыты айқын. Мақтанып, шаттанатын жағдай болғанымен, алаңдайтын да жақтары жетерлік. Осы ретте мектеп оқушылары арасында қауіпсіздікке деген ықыласты жоғарылату, жол жүру және пойыз жолдары маңында барынша абай болу мәселелері төңірегінде Достық ауылындағы Достық орта мектебі мен Б.Момышұлы атындағы білім ордасында кездесулер өтті.

«ӘТЖК» ЖШС Достық филиалының Достық стансасындағы шұғыл әрекет ету оңтайлы тобының ұйытқы болуымен өткен шараға Жетісу облыстық мәслихатының депутаты Алмат Садиев, «Алакөл» аудандық газетінің бас редакторы, Жетісу облыстық жастарды қолдау кеңесінің төрағасы Алмат Есенбеков, Достық ст. ЖПБ әкімшілік полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Жандос Олжайевтар қатысты.

Бас қосудың басты мақсаты, әрине темір жол бойында қауіпсіздікті сақтау, заң және құқық бұзушылықтарға жол бермеу болды. Өз баяндамамда осы тақырып төңірегінде сөз қозғап, мемлекет болашағын уыстарында ұстаған өскелең ұрпақтың амандығы аса маңызды мәселе екендігін жеткіздім. Өз өмірлеріне қауіп төндірмес үшін жылжымалы құрамның астынан өтпеу, жолаушылар платформасынан секірмеу, теміржолдан тек арнайы белгіленген өткелдермен өту, бағжаршамдар мен шлагбаумға назар аудару, тоқ сымдары мен транформаторларға жақындамау сияқты тақырыптарды талқыға салдым.

Жетісу облыстық мәслихатының депутаты А.Садиев: «Әуелгі байлық – денсаулық. Сондықтан да балаларға қаншалықты білім мен тәрбие берілсе, соншалықты деннің саулығын да қадағалауға, олардың қауіпсіздігін сақтауға жол ашылуы қажет. Қауіпсіздік мәселесін кейінге шегеріп, немесе ертеңгі күнге қалдыруға мүлдем болмайды. Себебі, жас ұрпақтың өмірі, олардың амандығы мемлекеттік дамуына тікелей әсер етеді»,- дей келе, темір жол маңындағы қауіпсіздік жайында сөз қозғады.

«Алакөл» аудандық газетінің бас редакторы, Жетісу облыстық жастарды қолдау жөніндегі кеңесінің төрағасы А.Есенбеков аспан асты еліен иық тірескен Достық бекетіндегі күйбең тірліктің балалардың қауіпсіздігіне еш әсер етпеуі керектігін, «Сақтансаң сақтайды» деген қағидатты ұстана отырып, әр кезде қауіпсіздікті сақтау қажеттігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, оқушыларға деннің саулығы, аяқ-қолдың амандығы болмаса алған білімнің де қажеті болмай қалатынын ескертіп, жол жүргенде, темір жол маңайында телефонға телмірмей, құлаққапты жабыстырмай мейілінше маңайға назар салып, абай болу жөн екендігін айтып өтті.

Достық ст. ЖПБ әкімшілік полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Жандос Олжайев: «Бүгінде темір жол көлігінің астында қалып мерт болып немесе ауыр жарақат алып жатқан жағдайлар аз емес. Жеке бас қауіпсіздігін сақтамай, өтуге тыйым салынған жерлермен темір жолды кесіп өтудің салдары осындай жағдайға әкеліп соғады»,- деп, ережерлерді бұзған жағдайда қандай айыппұлдар беріліп, нендей жаза қолданатындығын ескертіп кетті.

Тағы бір айта кетерлік жайт, темір жолды кесіп өтемін деп жарақат алып жатқандардың басым көпшілігі жеке бас қауіпсіздігін сақтамағандар, ішімдік ішкен соң мас күйінде қауіпті аймақта жүргендер. Темір жол көлігімен басып кету немесе соғып кетуді болдырмау үшін: біріншіден, темір жолдың жанында шеткі рельстен 5 метрден кем емес жермен жүру, екіншіден, арнайы жолаушы өтетін жолды, көпірді немесе туннельді пайдалану, үшіншіден, темір жолдың бойымен жүрмеу, таяп қалған пойыздың алдын кеспеу, төртіншіден, темір жол өткелдері жабылып немесе өткел бағдаршамының қызыл түсі жанып тұрса, темір жолды кесіп өтпеу, бағыттама бұрмалардың үстімен жүрмеу, вагонның немесе автоматты қосқыштың астымен өтпеу, бесіншіден, рельстің үстінде отырмау немесе мініп тұрмау, алтыншыдан, темір жол бойына бөгде зат тастамау, лақтырмау ережелерін қолдану қажет. Сонда өзіңізді де, өзгелерді де апатты жағдайдан, денсулыққа немесе өмірге келер зияннан қорғай аласыз.

Теміржол – қауіпті аймақ. Сол қауіптен сақтанудың басты құралы өзіміздің санамызда жатыр. Барынша абай болып, өз өмірімізге өзіміз жауапкершілікпен қарайық.

Дастан ӘБДІБӘЛІ,

«ӘТЖК» ЖШС Достық филиалының Достық стансасындағы шұғыл әрекет ету оңтайлы тобының бастығы.

Мәліметпен бөлісу: