Ынтымағы жарасқан ырысты өлкенің өрені

Шапқан тұлпардың тұяғы мұқалып, ұшқан қыранның қанаты талатын ұлан-ғайыр қазақ даласы бүгінде 130-дан астам этнос өкілдерінің ортақ Отаны болып отыр. Бір қойы егіз туса, бір бетегесінің басы айыр шығатын жомарт атырап қапияда қазанаттарының ері аударылып, қатігез саясаттың кесірінен туған жердің топырағынан қол үзіп қалған жүз мыңдаған жұртты өзегінен теппей, жақынындай қабылдады. Аузы аққа, ауы атқа жарымай, жоқшылықтан азып-тозған қазақ халқы да сырттан келгендермен үзім нанын бөлісіп, үйлерінен орын берді. Қарт материктің қақ ортасындағы қара шаңырақты иеленген алаштықтардың бұл ізгі қасиеті олардың бейбітшілік, бірлік сынды ұғымдарға жақын екендіктерін аңғартқандай.

Жер жәннаты саналған Жетісудың жақұт мекені айдынды ауданымыздың аумағында да 16-дан астам ұлт өкілі татулықтың алтыбақанында тең құқықта тербелуде. Талай жылғы қасіретті иық тіресе еңсерген өзге этностардың қаны бөлек болғанымен рухы қазақ десем қателеспеспін. Жер аударылса да киелі өңірден игілігін тапқан олар қазақ халықының тәлім мен тәрбие тұнған, мән мен мағына бұққан салт-дәстүрлерінен, әдет-ғұрыптарынан, жөн-жоралғыларынан өздеріне керекті талай дүние үйреніп, білгендерімен де бөлісті. Міне енді, осы ынтымақтың арқасында ырысымыз еселеніп, түр-түске, дін-ділге, тіл-түсінікке қарамастан тілегіміз ортақ арнаға тоғысты. Ол ортақ Отанымыз тәуелсіз Қазақстанның даму жолында бір мүддеге бірігіп, бір бағытта адымдау.

Осы орайда Башқұрт ұлтынан болғанымен бүгінгі таңда қазақ ретінде ғұмыр кешіп жатқан Алексей Нұғманов хақында аз-кем ой қозғасақ. Қазақ халқының тілін жетік меңгеріп, мәдениеті мен өмірлік ұстанымдарын бойына сіңіргенін айтады кейіпкеріміз.

«Қазақтарша құрт кептіріп, ірімшік жасаймыз. Кілегей тартып, қазан-қазан ет асуды әдетке айналдырдық. Асауды ерттеп мініп, қамшы өріп, тоқым тігу үйреншікті үрдіс болды. Бір айта кетерлігі, алаш жұртының бауырмалдық, қарапайымдылық, жанашырлық, түсіністік сынды игі қасиеттерінің арқасында біз өз тіліміз бен ділімізді, төл мәдениетімізді де сақтап отырмыз. Елбасы Н.Назарбаевтың көреген саясатының ықпалымен бірлік туы астында бір мұратқа қарай қадам басудамыз»,- дейді Алексей.

Қазіргі таңда ауыл шаруашылық салсында қазақтармен қатар еңбек етуде. Егістік басындағы еңбектерінде бөліну, оқшаулану деген мүлдем болмапты. Арқалап келген астарын ортақ қазанға тастап, бір дастарханда ауқаттанады. Шындығына келсек мемлекеттік тілді қызметіне яки лайықты өмір сүру үшін емес, осы елдің азаматтарына деген шексіз ризашылығы мен олардың бейбітшілікке деген ұмтылыстарын сыйлап үйренген. Осындай татулық тұғырын биік қойған халықтың тілінде сөйлеу ол үшін үлкен бақыт екендігін де жасырмады.

«Аядай ғана ауылдағы ынтымағымызды, айбыны асқан ауданымыздағы ауызбірлігімізді, абыройы тасқан мемлекетіміздегі мызғымас татулығымызды айқындап тұрған бірлік күні құтты болсын. Ел іргесі сөгілмей, болашаққа аттанған сапарымыз сәттімен жалғассын. Бір шаңырақ астындағы шаттықты тірлігімізге, шуақты тұрмысымызға сызат түспей, кемел келешек үшін жұмыла еңбек етейік»,- деп сөзін тәмамдады ел бірлігін бәрінен биік қойған жаны қазақ азамат..

Алмат ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: