Ең бір ғажайыптарға толы мерекеге де жеттік. Ырысымыз бен ынтымағымызды еселеген төбет жылымен қоштасып, доңыз жылын қарсы алдық. Жаңа бақытын арқалай келген мейрамды аудан бүлдіршіндері керемет көңіл-күйде қарсы алды. Оған өңір басшысы Әлібек Әскербекұлы ұйытқы болды.

Жылдағы дәстүр бойынша аудан әкімі Алакөлдің оқуда озат, өнерде озық, білімде білгір, спортта дара балаларының басын қосып, бір күндік болсын бақыт сыйлауға барын салды. Сол арқылы қатарластарынан оза шапқан оқушылар таңғажайыптар әлеміне саяхат жасауға мүмкіндік алды.
Аяз ата мен Ақшақарды қосыла шақырған бүлдіршіндер меркелік кештің алғашқы минуттарынан-ақ ертегілер әлеміне тап болғандай сезімге бөленді.

Қиялындағы кейіпкерлердің кейіпіне енген балалар төбесі көкке тіреліп, құлашы алуан ойыншықтармен көмкерілеген шыршаны айнала ән де салды, би де биледі. Мультсериялдар мен түрлі ертегі, аңызардың бас кейіпкерлерінің образарына енген азаматтар балдырғандардың көңілін көтеруге барынша тырысты.
Мерекелік жүздесудің шымылдығын ашқан аудан әкімі Ә.Жақанбаев: «Құрметті бүлдіршіндер, жаңа жылдарыңыз құтты болсын! Бүгінгі істеліп жатқан дүниенің барлығы өздеріңізге арналады. Болашақ сіздердің қолдарыңызда болғандықтан, өздеріңізден сұралатыны білімді болу, талаптану, іздену, үйрену. Себебі қазіргі заман тек саналы адамдарға иек артады»,- дей келе, бүлдіршіндерге сый-сияпатын ұсынды. Барлығына да қыстық күрте, спорттық киімдер мен тәтті-дәмділер қаптамасы табысталды. Қуаныштан құрақ ұшқан балалардың езуіндегі күлкі бәріміздің де жүрегімізге бір жылылық ұялатқандай болды.
Жаңа жылдық іс-шараны мұң бұралған бишілер мен залды әнмен тербеткен әншілер ажарландыра түсті.
А.ЕСЕНБЕКОВ.