Анаға құрмет көрсету дана халқымыздың дара мінезінің бір тарамы ғана. Бұл үрдіс тектілігінен танбаған еліміздің арда мінезінен туған түсінік. Осы қасиетті билік басындағылардың да бойынан көргенде қуанып қалатынымыз анық.

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай аудан әкімі Ә.Жақанбаев 5 баланы дүниеге әкеліп, бүгінде 16 немере, 48 шөбере, 8 шөпшек өрбітіп отырған 103 жастағы кейуана, соғысты да бастан өткерген тыл еңбеккері Мәкіш Асаубайқызының шаңырағы бас сұғып, төл мерекесімен құттықтап қайтты.
Аудан әкімі Ә.Жақанбаев: «Ана болу асыл қасиет, абыройлы парыз. Сәбиінің сәл ыстығы көтерілсе де селк еткен жүрек дүрсілдері жиілеп, жанын қоярға жер таппайтын шешелеріміздің перзентіне деген пәк көңілі мен кіршіксіз махаббатынан асып түсер дүние кемде-кем. Расымен де, жақсылыққа жаны құмар аналарымыздың арқасында қаншама жанұяның шаңырағы шайқалмай, ынтымағына сызат түспей отыр. Түзде жүріп тірлік қамын ойлаған ерінің жоқтығын білдірмей үйдегі бала-шағаны тәлімді тәрбиемен сусындататындар да сіздерсіздер»,- дей келе, ғасыр жасаған әз әжеге арнайы дайындаған сыйлықтарын табыстап, дастархан басында ақыл-кеңесін тыңдап, ақ батасын алды.
Жүзден асса да жүзінен өмірлік нәр тарқамаған Мәкіш апа өз жасын өскелең ұрпаққа беріп, тәуелсіз елміздің берік іргесі сөгілмесе екен деген тілегін білдірді.
Айдынды ауданның даму сатысына назар аударсақ әр баспалдағында әйелдер қауымының қолтаңбасы тұр. Олар түрлі салада ерлер қатарлы еңбек етіп, аянбай тер төгуде. Шәкірт тәрбиелеу, медицина, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тәртіп сақтау органдарында, жеке кәсіп пен мемлекеттік қызметте, тіпті әскери салада да қалтқысыз қызмет етіп жүрген нәзік жандылар жетерлік. Бұл олардың қай істі болса да ерлермен қатар дөңгелете алар табандылықтарын, еңбекке деген құлшыныстары мен ерік-жігерлерінің көрінісі.
А.ЕСЕНБЕКОВ.