11 өрт сөндіру станциясы тәулік бойы қызмет атқаруда

Жетісу облысында орман қорын қорғау және өрттің алдын алу шаралары басты назарға алынды. Өңірдегі мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы аумағы 1,5 миллион гектар, оның ішінде 340,2 мың гектары – нақты ағаш өскен алқаптар. Табиғи қорды қорғау мен күзету жұмыстарын өңірдегі жеті орман шаруашылығы мекемесі жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар, төтенше жағдай орын алған сәтте жедел әрекет ету мақсатында арнайы 11 өрт сөндіру станциясы тәулік бойы қызмет атқаруда.
Бүгінгі таңда облыс аумағында жалпы ауданы 115,5 гектарды құрайтын 6 өрт оқиғасы тіркелді. Мемлекетке келтірілген тікелей материалдық шығын көлемі 2,1 млн теңгені құрады. Төтенше жағдайлар қызметінің үйлесімді іс-қимылдарының арқасында ірі экологиялық апаттардың алдын алу мүмкін болды, ал аймақ экожүйесін сақтауда «Қазавиаорманқорғау» РМҚК Талдықорған авиациялық бөлімшесі басты рөл атқарды.
Төтенше жағдайларға қарсы тұру үшін орман шаруашылығы мекемелері толықтай дерлік жарақтандырылған. Қазіргі таңда арнайы дайындық қорында техникалар мен ресурстар жұмылдырылып отыр. Атап айтсақ, 17 өрт сөндіру және 4 кіші кешенді автокөлік, 3 шынжыр табанды және 45 дөңгелекті трактор. Сонымен қатар, аумақты барлау мен күзету үшін 85 патрульдік көлік, 77 мотоцикл, 3 квадроцикл және жетуі қиын жерлерге арналған 180 мінбе ат дайындыққа келтірілген.
Техникалардың кідіріссіз әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында арнайы жанар-жағармай қоры да жасақталды. Бүгінгі күні қоймаларда 7,9 тонна дизель отыны мен 10,8 тонна бензин дайын тұр.

Мәліметпен бөлісу: