Ұлт дегенде ұлағатты сөз айтуға ұмтылатын Елбасымыз Н.Назарбаев мемлекетіміз үшін таяу келешекке маңызды міндеттерді жүктеп берген биылғы Жолдауында бәсекеге бәс тігіп, жаңғыруымыздың жаңа қадамдарын нақтылап көрсетті. Бес басымдық арқылы алып державалар қалыптастырған әлемдік аренада төрден орын алған 30 дамыған елдің қатарына именбей қосылудың тиімді тұстарын айқындады. Қарт материктің қақ ортасында қара шаңырақты иеленіп отырған Қазақстан енді осы жаңғыруын құр жаңғырыққа айналдырып алмай, жаһандық бәсекеге лайықты екендігін дәлелдеуі қажет.
Ақыл, парасатқа кемел, ел ісіне шебер Елбасымыз жаңғыруымыздың жалғасы ретінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялап, қайта түлеудің жарқын үлгісін паш етті. Инновация мен жаңашылдық салтанат құрып тұрған заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асырудың жолдарын түсіндірді. Рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып бірнеше міндеттерді айқындап берді. Тарқатып айтар болсақ, білім беру жүйесінде баламасы жоқ бағдарлама ұсынып, ең үздік 100 оқулық қазақ тіліне аударылатынын жеткізді. Бұл өзгеріс халқымыздың санасының әлемдік кеңістікке, жаһандық деңгейге көтерілуіне тың серпіліс бермек. Жалпыұлттық патриотизмнің қалыптасу қарқынын арттыруға бағытталған «Туған жер» жобасының тұсауын кесіп, барша қазақстандықтарды бірлікке, берекеге, өңірін, отанын сүюге үгіттеді. Осы арқылы «100 жаңа есім» ұғымын енгізіп, мұқым елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған азаматтардың тізімін жинақтауды бұйырды. Білім кез-келген елдің интелектуалды және рухани әлеуетін көтеретін маңызды фактор болғандықтан осы саланы жандандыруды кезек күттірмейтін міндетті алғышарттардың қатарына қойды. Қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылым және білім беру процесінің ерекшеліктерін ұтымды пайдалану мақсатында қазақ тілінің әліпбиін кириллицадан латын қарпіне көшіруді ұсынды. Ұлт көшбасшының осы сындарлы идеясы идеологияға айналып бара жатыр десек те қиыс кетпеспіз. Жаһан жұтшылығы модернизацияға ұмтылып, жаңғырудың жарқын белестерін бағындырып жатқанда біздің де мемлекетіміз шеткері қалмауы тиіс. Ширек ғасыр толған тарихымыздың қай тұсына көз салсақ та Елбасының қолтаңбасы менмұдалап тұрады. «Ұлы Дала» ұғымы ұлттың санасын сілкіп, тарихи серпіліс сыйласа, «Мәңгілік Ел» идеясы мәңгілікке басқан қадамымызды қарымды ете түсті. Енді міне, тың жобаларға толы мақаласы дүйім жұртты рухани жаңғыруға жетелеп, болашшаққа аттанған сапарымыздың бағытын айқындап берді.
А.ЕСЕНБЕКОВ.