Қазақ тарихында алтын әріптермен таңбаланған «Тәуелсіздік» ұғымын тиісті тұғырына қондыру оңайға соқпағаны хақ. 1986 жылы желтоқсанның ызғары өткен желіне кеудесін төсеп, билігі өктем мызғымас одаққа оқша атылған боздақтарымыздың бостандық ұранынан бастау алған егемендік жолы тоқсан бірдің толқулы күндерінде діттегеніне жетті.
Қара бастың қамын емес, қазағының арын ойлап Алматының орталық алаңында отаршылдыққа қарсы шыққан рухты жастардың сапында алакөлдік өрендер де болғанын мақтанышпен айта аламыз. Сол азаматтар бүгінгі таңда ортамызда жүргенін біріміз білсек, екіншіміз мүлдем хабарсызбыз.
Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Желтоқсан оқиғасының» 31 жылдығына орай аудандық ішкі саясат бөлімі, аудандық жастар ресурстық орталығы мен аудандық кітапхананың ұйытқы болуымен желтоқсаншылармен жастардың жүздесуі өтті.
«Желтоқсан – Тәуелсіздік жаршысы» тақырыбында түңлігін түрген кездесуге өңіріміздің белсенді жастары, өнер, білім, ғылым, шығармашылық және спортта көзге түсіп жүрген талантты һәм талапты жасөспірімдер қатысты.
Еркін үлгіде ұйымдастырылған жүздесуде алғы сөз алған аудан әкімінің орынбасары А.Абдинов жетпіс жыл желкеден басқан езгіге қарамастан Кеңес саясатына қарсы көтеріле білген азаматтардың ерен ерлігін паш етіп, қыршыннан қиылып, бостандық жолында бүгіні менболашағын құрбан еткен қыз-жігіттердің қайсарлығына тоқталып кетті.
Келесі кезекте ауандық ішкі саясат бөлімнің басшысы М.Сүлейменов пен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиялы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Көкебаев 26 жылдық дербес тарихымыздың әр тұсына көз жүгртіп, өнегелелі, өрнекті сәттерін түртіп көсетті.
Артынша «Қазаққа қазақ басшы керек» деген ұранмен алаңды жаңғырыққа толтырғандардың арасында болып үшін тартысқа түскен тұлғалардың бірі Б.Жайлаубаев және М.Іңкәрбеков сол күні бастан кешкен, көзбен көрген уақиғаларды баяндап, ескіліктің еншісінде қалған естеліктерін жаңғыртты.
Белсенділігі жоғаы дастар жағы да көңілдерін мазалаған сауалдарын қойып, кездесудің қызығына қызу қоса түсті. Сонымен қатар, Үшарал қалалық балалар шығармашылық орталығының білімгерлері күмбірлетіп күй шертіп, әуелете ән шырқады.
АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.