АЭС – тұрақты энергия көзі және болашаққа қадам

Энергетика саласы кез келген мемлекеттің экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етуде басты рөл атқарады. Қазіргі таңда әлем елдері энергия көздерінің сенімділігі мен экологиялық қауіпсіздігіне ерекше мән беруде. Осы тұрғыдан алғанда, атом электр станциялары (АЭС) – баламалы және тұрақты энергия өндірудің заманауи шешімдерінің бірі. Қазақстан да энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін атом электр станцияларының мүмкіндіктерін қарастырып келеді.

АЭС-тің басты артықшылықтары

  1. Таза энергия көзі

АЭС қоршаған ортаға зиян келтірмейтін, көмірқышқыл газы мен басқа да зиянды қалдықтарды ауаға шығармайтын энергия көзі болып табылады. Бұл – климаттың өзгеруі мен ғаламдық жылынуға қарсы күресте маңызды фактор. Көптеген дамыған елдер көмірқышқыл газының тарауын азайту үшін атом энергиясын пайдалануға бет бұрған.

  • Энергия өндірудің жоғары тиімділігі

Атом электр станцияларының қуаты өте жоғары және олар тұрақты түрде электр энергиясын өндіреді. Бір ғана атом реакторы жылдар бойы үздіксіз жұмыс істеп, үлкен аумақты электр энергиясымен қамтамасыз ете алады. Мұндай станциялар ұзақ мерзімді энергия өндіруге мүмкіндік беретіндіктен, энергетикалық тұрақтылыққа қол жеткізуге жол ашады.

  • Шикізат қорының жеткіліктілігі

Атом энергиясы уран арқылы өндіріледі. Қазақстан уран қоры бойынша әлемде жетекші орындардың бірін иеленеді. Бұл – еліміздің атом энергиясын пайдалану мүмкіндігін арттырып, сыртқы импортқа тәуелділіктен арылтуға мүмкіндік беретін фактор. Өз шикізатымызды пайдалану арқылы энергияны ішкі қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағыттай аламыз.

  • Энергетикалық тәуелсіздік

АЭС салу арқылы елдің энергияға деген сыртқы тәуелділігін азайтуға болады. Бұл – экономикалық тұрғыдан ғана емес, саяси тұрғыдан да маңызды. Энергетикалық тәуелсіздік кез келген мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұрақтылығының негізі. Осы орайда, атом электр станциясы елдің ішкі энергия сұранысын толық қанағаттандырып қана қоймай, артық энергияны экспорттауға да мүмкіндік береді.

АЭС-тің экологиялық қауіпсіздігі

Кейбір елдерде АЭС-тің қауіптілігіне қатысты пікірталастар бар. Алайда қазіргі заманауи технологиялар атом электр станцияларының қауіпсіздік стандарттарын едәуір жақсартты. Заманауи реакторлар бірнеше деңгейлі қорғаныс жүйелерімен жабдықталған, бұл кез келген төтенше жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді. Әлемдегі көптеген мемлекеттер АЭС-ті қауіпсіз және сенімді энергия көзі ретінде пайдаланып келеді. Олардың тәжірибесі көрсеткендей, қауіпсіздік шараларын дұрыс ұйымдастырған жағдайда АЭС-тің зияны жоқтың қасы.

Қазақстанның АЭС салу мүмкіндіктері

Қазақстанда АЭС салу мәселесі бірнеше жыл бойы талқыланып келеді. Елдің уран қорының молдығы, энергия тапшылығының алдын алу қажеттілігі және экологиялық мәселелерді шешу жолындағы ұмтылысы АЭС салуды маңызды қадамға айналдырып отыр. Мұндай станция еліміздің энергетикалық инфрақұрылымын нығайтып, экономиканың тұрақты дамуына серпін бермек.

Атом электр станциялары – болашақ энергиясының сенімді көзі. Ол тұрақты, экологиялық таза және тиімді энергия өндірудің жолын ұсынады. Қазақстан үшін АЭС салу – энергетикалық тәуелсіздікті нығайту, экономикалық және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды тетігі.

Қ.КӨКЕБАЕВ,

«AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы.

Мәліметпен бөлісу: