Референдум – мемлекеттің маңызды мәселелері бойынша халықтың тікелей дауыс беру арқылы шешім қабылдайтын саяси құқықтық процесс. Бұл құрал халықтың өз еркін білдіруіне, елдің дамуы мен басқару жүйесіне тікелей ықпал етуіне мүмкіндік береді.
Тарихқа көз жүгіртсек, референдум алғаш рет Швейцарияда қолданылған. Уақыт өте келе бұл тәжірибе көптеген елдерге тарап, демократиялық басқару жүйелерінің ажырамас бөлігіне айналды. Қазақстанда да референдум ел азаматтарының маңызды саяси шешімдерге қатысуына мүмкіндік беретін тетік ретінде қарастырылады.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, референдумды өткізу туралы шешімді Президент қабылдайды. Референдумда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, мемлекеттік биліктің негіздері, аумақтық өзгерістер, сондай-ақ халықтың өміріне қатысты өзге де маңызды мәселелер қаралады.
Референдумның басты ерекшелігі – шешім қабылдау кезінде халықтың тікелей дауыс беруі. Бұл демократияның бір көрінісі, себебі мемлекет саясатына тек билік өкілдері ғана емес, халықтың өзі де белсенді қатыса алады. Мұндай әдіс қоғамдық пікірдің шынайылығын көрсетіп, биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттырады.
Сонымен қатар референдум – халық пен биліктің арасындағы байланысты нығайтатын құрал. Халықтың өз пікірін білдіруі арқылы мемлекет алдында тұрған маңызды мәселелердің әділ әрі ашық шешілуіне ықпал етеді. Бүгінгі күнде референдумды қолдану ауқымы кеңейіп, мемлекеттің болашақ даму бағыттарын айқындайтын тиімді механизмге айналды.
Қорытындылай келе референдум – халықтың саяси өмірге қатысуының айқын үлгісі. Бұл тетік арқылы әрбір азамат елдің болашағына өз үлесін қоса алады. Демократиялық қоғамда халықтың еркін білдіруі мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі екені сөзсіз. Сондықтан ҚР әр азаматы бұдан қалыс қалмай, оң не теріс дауыс беруге ат салысқаны абзал. Сонда ғана халықтың негізгі ойы айқындалып, дауысы саналып, мемлекеттік іске араласатын елге айналады. Сонда ғана еститік үкімет, демократиялық мемлекет қалыптасары анық.
А.СҮЛЕЙМЕН.