Қош келдің, Мәуліт!

Екі дүниенің сардары, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) туған айы Мәуліт мерекесі Жыланды ауылында жоғары деңгейде аталып өтті. Шараның негізгі мақсаты Мұхаммед с.а.с пайғамбардың өнегелі өмірінен алатын іс-әрекеттерді насихаттау, салауаттар айту, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға шақыру.

Жылына бір рет келетін рухани мерекені тамашалау үшін мәдениет үйіне ауыл тұрғындары, жергілікті билік өкілдері, аудан мешіттерінің имамдары және жан-жақтан келген жамағат жиналды. Мұсылман халқының мәуліт мерекесіне деген ынта-ықыласының жыл санап артып келе жатқандығы аңғарылды.

Шараның ашылуына арнайы келген ауданның бас имамы Әнет қажы Омарханұлы құттықтау сөз алып, адамзаттың абзалы болған екі дүние сардары, пайғамбарымыз Мұхаммедтің с.а.с. туған айы мәуліт мерекесі тәлім мен тәрбиеге толы рухани бас қосулармен аталып өтіп жатқандығын, мешіттерімізде Аллаға мадақ, пайғамбарымызға с.а.с салауат айтылып, тәуелсіз еліміздің рухани тұтастығы мен халықтар бірлігі үшін дұға жасалуда екендігін айтып өтті. Сондай-ақ Жыланды ауылдық округінің әкімі С.Копчикбаев айтулы мерекемен жиналғандарды құттықтап, ауыл имамы Әділғазы Сейітжаппарұлына алғысын білдірді. Ардақты пайғамбарымызға с.а.с салауатты Қарабұлақ ауылының имамы Марлан Нұрбақытұлы оқыса, мектеп ұстаздары мен шәкірттері ғибратты көріністер көрсетіп, жан тербетер термелер орындады.

Мереке соңында келген қонақтарға ауыл асханасында дастархан жайылып, Қабанбай ауылының имамы Фархат мырза әсерлі уағызымен халықты сусындатты. Ас соңында ауыл ақсақалы бата беріп, мәдениет үйінің басшысы Эльмира Қаметқызы өзінің тілегін айтып, жиналған көпшілікке алғысын білдірді.

Ә.Дәндібаев, Жыланды ауылдық мешітінің имамы.

Мәліметпен бөлісу: