Қазақстан Республикасын тарих сахнасындағы салмақты мемлекеттердің біріне айналдырған Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың күніне орай аудандық ішкі саясат және аудандық білім бөлімінің ұйытқы болуымен Талапкер орта мектебінде «Елі еріне, ері еліне сенген ұлы тұлға» тақырыбында оқушылар арасында шығарма байқауы ұйымдастырылды.
Сайыстың ашылу салтанатында сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Сүлейменов: «Көреген һәм сарабдал саясатының арқасында мемлекетіміздің мызғымас ірге тасын қалаған Ұлт көшбасшысының өмірі өнегелі, ғұмыры ғибратты екендігі ақиқат. Тірліктері бөлек болғанымен тілектері ортақ жүзден астам этнос өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіріп, «Бірлік» ұғымының аясында ғана болашаққа қадам басуды үйретті. Ендігі сіздердің мақсат, міндеттеріңіз Елбасымыздың ерен еңбегін насихаттау, ілгерінді де ілкімді істерін лайықты дәрежеде дәріптеу» ,- дей келе қалам ұстаған жастарға сәттілік тіледі.
Өңіріміздің түкпір-түкпірінен бап пен бақ таласына түскелі келген отыздан астам шәкірт өз туындыларында Н.Назарбаевтың көшбасшылық қабілетін, адами тұлғасы мен арда қасиеттерін толықтай аша білді. Талаптары да талпыныстары да жоғары болды. Жарыс болғаннан кейін мәре сызығын алғашқы болып кескендер марапатталады, кейін қалғандар келесі бәйгеге баптала түсетіні хақ.
Байқаудың қорытындысы бойынша Үшарал №1 орта мектебінің оқушысы А.Нұрдыбаева мен М.Әубәкіров атындағы білім ордасының шәкірті Ә.Тәттіғалиева үшінші, Н.Орынбасарова екінші орынға жайғасты. Талапкер орта мектебінің мақтанышы Р.Серікболқызы бірінші дәреженің дәрегейіне көтерілсе, үшбұлақтық А.Әділжанова бас жүлдені қанжығалады.
Жарыс жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.