Біз қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек.
Еліміздің экологиялық жағдайын жақсарту мәселесі қашанда күн тәртібінен түскен емес. Өзіміз өмір сүріп отырған қоршаған ортаның тазалығы мен саулығы баршамызды алаңдататыны анық.
Жуырда Мемлекет басшысы Қ. К Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі. Біз қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек.»,- деп атап өтті.
Халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама.
«Таза Қазақстан» Республикалық жобасының идеологиялық мазмұнын, мән-мағынасын аудан халқына жеткізу мақсатында 82 іс — шара өткізілді.
«Таза Қазақстан» жобасы аясында жыл басынан бері 50 000 жуық алакөлдіктер белсенділік танытты. 362 арнайы техника жұмылдырылып, 2500 тоннадан аса қоқыс жиналды. 350- ге жуық арық желілері, өзен арналары, мәдени-тарихи ескерткіштер, саябақтар мен аллеялар, қоғамдық орындар қоқыстан тазартылды. Көктем, күз айларында 9170 дана әртүрлі ағаш көшеттері отырғызылып, ағаш түбін әктеп, сырлау жұмыстары атқарылды.
Сондай-ақ, елімізге танымал туристтік аймақтардың бірі Алакөл жағалауында «Таза жағалау», «Тазалық – тал бесіктен», «Таза бейсенбі», «Тіршілік негізі – тазалық», «Тазалықты сақтайық», «Таза Алакөл» атты акциялары ұйымдастырылып, тазалық жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, демалушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 20 000-нан аса үлестірме қағаздары таратылды.
Білім беру ұйымдарында «Таза Алакөл», «Табиғатты қорғау – адамзаттың борышы», «Туған жердің тазалығы басты назарда», «Тазалық – басты құндылық», «Жастар – тазалықты қолдайды», «Гүл өсіріп, баптау мәдениеті» тақырыптарында сынып сағаттары мен тәжірибелік сабақтар өткізілді.
Халық арасында ақпараттық сүйемелдеу жұмыстарын жүргізу аясында 15 ақпараттық көрнекілік құралдары орналастырылды. Әлеуметтік желілер, интернет ресурстары мен БАҚ беттерінде 2000-ға жуық материалдар жарияланды.
Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа моделі осындай шаралар арқылы қалыптасады.
Дегенменде, кейбір азаматтарымыз табиғатты, қоғамдық орындар мен көшелерді әлі де ластауда. Осындай адамдардың әрекетіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңының 434-2-бабына сәйкес, ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлерді ластау, оның ішінде белгіленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет.
Тазалықты сақтау – баршаға ортақ міндет. Әр азамат қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, туған жерінің қадірін ұғынып, тазалығын сақтауға ынта қоюға міндетті.
Қайрат Төребайұлы
“Аманат” партиясы Алакөл аудандық филиалының төрағасы