Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев өңірдің үздік ауыл шаруашылығы қызметкерлерін марапаттау рәсімін өткізіп, олардың бірқатарына ел Президентінің атынан мемлекеттік наградалар табыстады, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
— Биыл Астанада ел тарихында тұңғыш рет Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің I форумы өтіп, соның аясында Мемлекет басшысы еліміздің әр өңірінен, соның ішінде Жетісу облысынан барған ауыл шаруашылығы саласының өкілдерін марапаттады. Экономиканың өсуі ауыл шаруашылығының дамуына тікелей байланысты. Біздің өңірдің табиғи-климаттық жағдайының қолайлылығы осы маңызды саланың дамуына үлкен ықпал етеді. Бұл ретте біздің өңірде өсірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің шамамен 65%-ы өзімізде өңделеді. Биыл негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарынан жоғары өнім алдық. Мәселен, осы жылы облыста алғаш рет 640 мың тонна қант қызылшасын аламыз. Жалпы 510,1 мың гектар егіс алқабынан 2,1 млн.тонна ауыл шаруашылығы дақылдары жиналады деп күтілуде. Осы жетістіктердің барлығында сіздердің қажырлы еңбектеріңіз, үлкен үлестеріңіз бар. Біз өз тарапымыздан мемлекеттік қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Мысалы, биыл өңірдің агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бюджеттен 35 млрд. теңге бөлінді, — деп атап өткен облыс әкімі Б. Исабаев өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін шаруашылық өкілдеріне алғысын білдіріп, марапаттау рәсіміне көшті.
«Парасат» орденімен Талдықорған қаласындағы «Самай» шаруа қожалығының басшысы Еркімбек Слямов марапатталды. Ол өзінің шаруа қожалығының жұмысын 30 жылға жуық уақыт бойы жүргізіп, егіншілікпен, және мал шаруашылығымен қатар айналысып келеді. Қант қызылшасы, жүгері, соя, бидай, арпа, сондай-ақ ірі қара мен жылқы өсіреді. Шаруашылықта 50-ге жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар.
Ал Ақсу ауданынан «Дәулет» шаруа қожалығының басшысы Дәулет Биәділов пен Алакөл ауданынан «Асыл тұяқ» ЖШС құрылтайшысы, бас директоры Думан Нағашбекұлы «Құрмет» орденіне ие болды.
Дәулет Көшербайұлы ауыл шаруашылығы саласында 22 жылдан бері еңбек етіп келеді. Негізгі бағыты – қызылша өсіру. Бүгінгі таңда «Дәулет-Б» шаруа қожалығы — Ақсу қант зауытына қызылша өткізетін аудандағы ірі шаруашылықтың бірі. Сонымен қатар фермер ауданның аз қамтылған және көп балалы отбасыларына тұрақты қолдау көрсетіп, қайырымдылықпен белсенді айналысып келеді.
Сол сияқты «Асыл тұяқ» ЖШС асыл тұқымды ірі қара мен қой өсіріп, малдың жаңа тұқымдарын шығарады. Сөйтіп экспорттық әлеуетін арттырып, етті мал шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосып жүр.
Өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі ескеріліп, 2002 жылдан бастап Кербұлақ ауданындағы «Нұрқадам» ШҚ жүргізушісі әрі механизаторы болып жүрген Нұрбол Сайдақұлов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Марапатталғандардың атынан «Самай» ШҚ басшысы Еркімбек Слямов сөйледі.
— Менің шаруашылығымның жері тасты. Сондықтан жоғары өнімділікке қол жеткізу өте қиын. Бірақ қазіргі заманғы техниканың, агротехнологияларды сақтаудың, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың және шыдамдылықтың арқасында қазір осы учаскелерден 550-600 центнерден қант қызылшасын алып отырмын. Біз табысты дамудың осы қарқынын сақтап қалуға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, — деді ол.
Еске салсақ, жуырда Астана қаласында өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің I форумында Жетісу облысының тағы бір шаруашылығының өкілі, Панфилов ауданында тамшылатып суару технологиясымен жұмыс істейтін «Әйгерім» шаруа қожалығының басшысы Ұлан Сарпеков Президенттің қолынан «Құрмет» орденін алған болатын.
Жалпы Жетісу облысында 10 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 362 млрд. теңгеден асты, ал жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 102,5%-ға, яғни 518,2 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай