Елбасы жолдауы ел болашағы үшін

Жаһандық бәсекеге бейімделу жолында үшінші мәрте жаңғырған мемлекетеміз биыл өз алдына жаңа міндеттер қойды. Әлем аренасындағы азуын айға білеген алпауыт отыз елдің қатарына қосылу мақсатында Елбасы Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауын жариялаған болатын. Жуырда Еңбекші ауылдық округінде аталмыш Жолдау талқыланып, насихат жұмыстары жүргізілді.

Оған аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының иелері және ауыл тұрғындары қатысты.
Алғашқы болып сөз алған аудандық мәслихаттың депутаты Ө.Қойшыманов Ұлт көшбасшысының Жолдауының төңірегінде әңгіме өрбітіп, даму процесін жеделдетуге негізделген он қадамға толықтай түсінік берсе, Алакөл гуманитарлық техникалық колледжінің директоры М.Төлегенов білім саласын қамтыған бағыттар жайлы баяндап, тек саналы ұрпақ қана мемлекеттің тізгінін ұстап қала алатынын жеткізді.

Еңбекші ауылдық округінің әкімі А.Тоқтабаев қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсарып, өмір сапасының артуына, әлеумет әлеуеті оңалып, еліміздің өсіп-өркендеуіне бұл Жолдаудың өз берері бар екендігін тілге тиек етсе, ауыл ақсақалы С.Сагинаев құнды құжатта көтерілген міндеттерді жүзеге асыруға жұрт болып жұмыла кіріссек бізге алынбайтын қамал жоқтығын айтып өтті.

Қ.САҒЫМБЕКОВ,
Еңбекші ауылдық округі әкімі аппаратының іс-қағаздарды жүргізу жөніндегі бас маманы.

Мәліметпен бөлісу: