
Тіл — мемлекеттің негізгі тірегі, ұлттың қазынасы. Ол – ананың ақ сүтімен, ананың әлдиімен, бесік жырымен құлағымызға сіңіп, бойымызға даритын, құдіретті күш. Ана тілі деп аталуының өзі де сондықтан болар.
Халықтың басты байлығы, баға жетпес қазынасы – ана тілі. Сондықтан, тілді өркендетіп, көркейту, оның таралу аясын кеңейту – мен елімнің әрі тілімнің жанашырымын деген жанның негізгі ұстынымы болуы керек деп білемін. Сондай-ақ, мен бүгінгі жастардың үш тіл білуін қолдаймын. Көп тілді білу – заман талабы. Қазақтың ұлы ақыны Абай: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағдысына кіреді» дегеніндей, тіл білген адам қор болмайды. Ел мен елді, халық пен халықты байланыстыратын көпірдің бірі де осы – тіл. Сол көпірді сақтап қалу үшін бір-бірінің тілін меңгеруі керек. Бірақ, десекте бабаларымыздан жол тартқан асыл мұра ана тілімізді ұмытпауымыз қажет. Көш – жүре түзеледі» дегендей, бәрі де түзелер деп жүре бермейік. «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» демей ме, дана халқымыз. Олай болса, ана тілімізде, қазақ тілінде сөйлеу – басты парызымыз екенін ұмытпай, туған тіліміздің тағдырын да ойлағанымыз жөн болар.
Осы тұрғыда, А.Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған елдің, өзі де жоғалады»-деп тілдің ұлт үшін қандай маңызды екенін бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған.
Тіптен, қазақтың атын әлемге танытып жүрген Димаштың қазақ тілінде мұхит асып концерт беруінің өзі біздің тіліміздің мәртебесін шет елдіктердің алдында біршама өсіргендей. Тарих беттерін парақтасақ, кешегі жаугершілік заманда біздің бабаларымыз соғысты бір ауыз сөзбен тоқтатып тастайтын болған. Бұл біздің тіліміздің көркемдігін, шеберлігін, өткірлігін көрсетеді.
Кешегі Алаш зиялылары да осы тіліміз, жеріміз, тарихымыз үшін аянбай еңбек етіп, өмірлерінің соңына дейін күресіп өткен. Қақаған желтоқсанның аязына қарамастан, алаңға шығып, елдің болашағына алаңдаған желтоқсаншы жастардың да биліктен сұрағаны – қазақ тілінің болашағына тікелей қатысты мәселе болған. Содан бері қанша заман, қанша оқиға өтсе де дәл осы тіл мәселесі өзінің өзектілігін жоғалтқан емес. Қазіргі күні Мұхтар Шаханов, Бекболат Тілеуханов сынды белгілі ел азаматтары тілдің мәселесін, ұлттың мәселесін әлі күнге дейін қозғап жүр.
Иә, ешбір ұлт тілсіз ұлт бола алмайды. Бірақ, біздің халық менталитті алға қоя отырып, тіл үшін жалған патриоттық сезімді оятады. Яғни ол қалай? Елімізде сан мыңдаған одан да маңызды мәселе болса да, өзгенің сөзін сүзгілеп отырады. Сол құр әңгімеге уақыт кетіргенше, сөзден іске көшіп, елімізді неге дамытпасқа? Келісем, тілсіз ертеңгі күн жоқ. Шынымен де, жаның ашыса, бірінші өзінен баста! Өзгелерге үлгі бола біл! Туған, мемлекеттік тілді білмейтіндердің сауатын арттырып, көршілес ұлттардың біздің тілді үйренуіне қызығушылық істеп үйрен. Жалған патриоттықтан тек қана уақыт, энергия зая кетеді. Осыны түсінетін күн болды.
Екінші кезекте, Республикамыздағы өзге тілде сөйлейтін азаматтарға мемлекеттік тілде сөйлеуін талап ет. Әйтпесе, күнделікті өмірде орысша сөйлеген азаматтарға тілін бұрмалап орысша жауап беріп жүрген “виб казашкалар мен казахтарды” талай көзім шалды. Бұл, бұл ма? Өз ана тілін шұбарлап, ұмытып, құрметтемейтіндер де жоқ емес бізде….Міне, осы аталмыш мәселенің барлығына түптен келгенде қоғам емес, алдымен мына өзіміз кінәліміз.
Ана тілін сүймеген –
Халқын сүйіп жарытпас,-дегендей, өз ана тіліне жаны ашымаған адам өз Отанын жаудан да қорғамайды деп ұғамын. Тілді шұбарлау – арды шұбарлау емес пе? Тілімізді дамыту, оның күнделікті өмірде қолдану аясын кеңейту – үлкен-кішінің барлығының парызы. Онсыз біз мықты ел бола алмаймыз деп ойлаймын.
Ана тілін тек сөйлесетін құрал ретінде емес, мәдениетіміздің ажырамас бөлігі деп түсінген жөн. Ғабит Мүсіреповтің: «Ана тілін ұмытқан адам – өзінің өткенін ұмытқан адам» деген сөзі тіл мен рухани тамырдың байланысын көрсетеді. Тіл арқылы біз ата-бабаларымыздың мұрасын, салт-дәстүрімізді жаңғыртып, жас ұрпаққа жеткіземіз.
Қазіргі таңда әрбір азамат ана тіліне құрмет көрсетіп қана қоймай, оның дамуына үлес қосуы қажет. Мысалы, қазақ тілінде кітап оқу, өнер мен мәдениетке қолдау көрсету, балаларды қазақша сөйлету – баршамыздың ортақ міндетіміз. «Тілден артық қазына жоқ, тілден артық қасиет жоқ» деген Бауыржан Момышұлының сөзі осы ойды дәлелдей түседі.
Жалпы, тілді сақтау – тек мемлекетке ғана емес, әрқайсымызға байланысты жауапкершілік. Әр азамат ана тілінің дамуына атсалысса, болашақ ұрпақтың бойына ұлттық рух пен мәдениетті сіңіруге мүмкіндік туады. «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін» демекші, тілімізді құрметтеп, қолдану арқылы ғана біз оны мәңгілік ете аламыз. Тілдің тірегі – өзіміз, сондықтан оған деген құрметіміз ұлтымыздың болашағына деген қамқорлық екенін ұмытпайық.
Қорыта айтқанда, қазақ халқы барда қасиетті қазақ тілі өлмек емес. Ата – баба мұрасы, кешегі ел қорғаған батырлардың, ұлттың болашағы үшін арпалысқан Ахмет, Әлихан, Міржақып аталарымыздың аманатын қиянатқа айналдырмау біздің, келешек ұрпақтың қолында екенін естен шығармайық. Себебі, біздің міндет – «алтын күннен бағасыз бір белгі боп қалған» ана тілімізді қадірлеп, көкке көтеру.
А.БУТАБАЕВ,
Алакөл аудандық орталық ауруханасының директоры.