Сөз киесі – ел киесі

Тіл ұлттың тамыры. Ол сол ұлттың жүріп өткен жолын, бастан кешкен тағдырын, рухани биігін, ішкі қуатын бойына сіңіріп, тұтас тарихын кеудесінде сақтап тұра алады. Қазақ халқы үшін ана тілі – ата-баба аманаты, көнеден жеткен кие. Ұлттың рухы да, үні де – осы тілде.

Қазақтың қара өлеңі мен көне шежіресі де, елдігімізді айғақтайтын ұлы сөз де, бірлік пен парасатқа жетелейтін нақыл да – осы тілдің бойында. Ал бүгінгі күні сол тілді қалай сақтап, қалай дамытып, келесі ұрпаққа қалай жеткіземіз – бұл сауал елдік жауапкершілікті қажет етеді. Қазіргідей заманда бұл жауапкершіліктің жүгі әсіресе бұқаралық ақпарат құралдарына, журналистика мен медиатехнология саласына жүктеліп отыр. Себебі бүгінгі қоғам жаңалықты теледидардан, газеттен емес, телефондағы бір жыпылық еткен экраннан қабылдайтын күнге жетті. Ендеше, тіл де сол медиалық кеңістікте өмір сүруі тиіс. Әйтпесе, экранда жоқ тіл – санада да жойылуға бейім.

Бүгінде біз жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Ақпарат ағыны секунд сайын өзгеріп жатқан уақытта тілдің тағдырын сөз етудің өзі – ұлттың ертеңін ойлаудың көрінісі. Қазақ тілінің мәртебесі заңмен бекітілгенімен, оның өмір сүру кеңістігі әлі де шектеулі. Қала көшелерінде, ірі сауда орындарында, мемлекеттік қызмет көрсету орындарында мемлекеттік тілдің салмағы әлсіз. Бұл – бәрімізге ортақ күрделі мәселе. Бірақ ол үшін күресу – мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, сол елдің әрбір азаматының, әрбір журналистің, әрбір қалам ұстаған азаматтың борышы.

Журналист – қоғамның көзі мен құлағы ғана емес, рухының да сақшысы. Қай кезеңде де тіл үшін күрес – сөз үшін күрес болған. Ал сөз – журналистің басты қаруы. Ендеше, әрбір мақала, әрбір репортаж, әрбір жарияланым – тілге жасалған бір қадам, не болмаса шегініс. Тілді насихаттау деген – жай ғана «қазақша сөйле» деп үндеу емес. Ол – тілдің мәнін ұқтыру, оның жүрекке жақындығын сезіндіру, сол тілде сөйлеудің мәртебе екенін көрсету.

Тіл саясатын насихаттау – идеологиялық емес, рухани міндет. Бұл саясат жүрекке жетпесе, ол қабылданбайды. Демек, тіл мәселесін БАҚ бетінде көтерерде де, оны жеткізерде де тілдің шынайы болмысы, тарихи жүгін сезіну маңызды. Біз тілге қатысты мақалаларды «күн тәртібінде тұрған мәселе» ретінде ғана емес, ұлттың тынысы, елдің ғұмыры ретінде қарастыруға тиіспіз.

Мемлекеттік тіл саясатын бүгінгі медиатехнологиялармен ұштастыру – болашаққа салынған көпір. Әлеуметтік желі, бейнеролик, подкаст, YouTube, TikTok – бұл тек жастардың ермегі емес. Бұл – ақпарат тарату, сананы қалыптастыру алаңы. Егер біз осы кеңістікте қазақ тілінде сапалы, мәнді, тартымды дүниелер ұсына алмасақ, онда ұрпақ өз ана тілін «артта қалғанның тілі» деп қабылдауы ғажап емес.

Сондықтан қазіргі журналистика өз бет-бейнесін сақтай отырып, цифрлық медиамен табыса білуі керек. Ол үшін журналист тек қаламгер ғана емес, медиасауатты, технологияны меңгерген, тілдің жанашыры болуға тиіс. Мысалы, қарапайым ғана «Бүгінгі сөз», «Қате және дұрыс», «Қазақша сөйлесейік» сынды қысқа форматтағы видеожобалар тілдің қоғамдағы орнын ұлғайтуға үлкен септігін тигізеді. Бұл – тіл насихатының жаңа тынысы.

Бірақ тек формамен шектеліп қалмай, мазмұнға үңілу – басты қағида. Қазақ тілінің болашағы оның цифрлық бейнесінде ғана емес, осы тілде сөйлейтін халықтың жүрегінде. Ал жүрекке жеткізудің жолы – әдеби тіл, көркемдік, шынайылық, ұлттық мінез.

Бүгінгі ұлт журналистикасы қазақ тілінің тынысын ашып, оның беделін арттыруға қызмет етуі тиіс. Тілді үйрену – парыз, ал оны сүю – ұлтқа деген сүйіспеншілік. Бұл – ешқандай науқанмен емес, күнделікті шынайы жұмыс, тұрақты насихатпен жүзеге асады. Тілді сүю – оны қадірлеуден басталады. Қадірлеу – дұрыс қолдану, оны бұзбай жазу, таза сөйлеу, жүрекпен қабылдау.

Қазақ тілі – өткеннің мұрасы ғана емес, болашақтың да дауысы. Егер біз осы тілді тірілтіп, технологиямен табыстыра алсақ, ол ертеңгі ұрпақтың өмір сүру тіліне айналады. Бұл – мемлекеттік тіл саясатының түпкі мақсаты. Және сол мақсатқа жетудің жолында бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі айрықша. Қазақта бір сөз бар: «Сөздің киесі бар». Бұл сөзде терең мағына жатыр. Себебі сөз – жай дыбыс емес, ол – елдің иесі. Ал сол сөздің иесі қазақ тілі болса, оның тағдыры – баршамыздың қолымызда. Журналистика сол сөзді көтеріп, оның биік тұғырға көтерілуіне қызмет ете алса, бұл – тіл алдындағы адалдықтың белгісі. Бізге керек – ұран емес, іс. Көбі «қазақ тілі керек» дейді. Бірақ бұл сөз тіркесі «су керек», «ауа керек» дегенмен тең болуы керек. Тіл – жай құрал емес, тіршілік негізі. Оны өмірге енгізу үшін БАҚ – басты құрал. Себебі халық – естігенін қайталайды, көргенін көкейіне түйеді.

Тілдің тағдыры – тек лексика мен грамматиканың төңірегіндегі мәселе емес. Бұл – ұлттың мәдени кодын, тарихи жадысын, дүниетанымын сақтаудың ең ықпалды тетігі. Әлемдегі кез келген дамыған ел өз тіліне бейжай қарамайды. Керісінше, тіл арқылы ұлттық болмысын таниды, тарихын тірілтеді, болашағын бағыттайды. Осы орайда, қазақ тілінің қазіргі беталысына зер салсақ, бірқатар оң үрдістер мен солғын көріністердің қатар жүріп жатқанын көреміз.

Бір жағынан, цифрлық кеңістікте қазақ тіліне сұраныс артып келеді. Балаларға арналған анимациялық жобалар, отандық YouTube арналар, подкаст форматындағы мазмұнды жобалар – мұның барлығы тілдің әлеуетін жаңа кеңістікке көшірудің көрінісі. Бірақ, екінші жағынан, осы кеңістікте бәсекеге төтеп беретін сапалы контенттің тапшылығы байқалады. Қаралым саны маңыздырақ болып кеткен заманда, мазмұн мен мағына екінші орынға ысырылып бара жатқандай. Тілге қызмет ету дегеніміз – тек көркем сөйлеу немесе әдеби мәтін жазу емес. Бұл – әр форматта, әр деңгейде тілдің салмағын жоғалтпай, мазмұн мен форманың үйлесімін сақтап, аудиториямен шынайы байланыс орнату.

Тіл – тірі организм. Ол тоқтап қалса – өледі. Сол себепті, бүгінгі қоғамда қазақ тілі тек ресми жиындар мен құжат айналымының тілі болып қалмауы тиіс. Ол – эмоцияның, пікірдің, ойдың, тіпті әзілдің де тілі болуы керек. Осы тұрғыда мемлекеттік тілдің бейформал кеңістікте өмір сүруі – ерекше маңызды. Жастар арасында кеңінен таралған TikTok, Instagram сияқты платформаларда қазақ тілін қолдану үлгісін қалыптастыру – бұл қазіргі медиасаясаттың негізгі бағытына айналуы тиіс.

Журналист – тек баяндаушы ғана емес, бағыттаушы. Ол – тілдік норманың сақтаушысы, жаңа сөздік қордың қалыптастырушысы, ұлт санасына әсер ететін тұлға. Сондықтан БАҚ өкілдері тілдің тазалығына да, мазмұн байлығына да жауапты. Қарапайым жаңалық мәтінінде де, терең сараптамалық материалда да сөз саптау, стилистика, ұлттық реңк сақталуы тиіс. Әр журналист, редактор, блогер – ақпарат тасымалдаушы ғана емес, сонымен бірге ұлттық мүдде сақшысы екенін ұмытпауы қажет.

Сондай-ақ тіл саясаты туралы айтқанда, тек қазақ тілін үйрету курстарымен шектеліп қалуға болмайды. Бұл – ұлт ішіндегі сенім мен ұйысудың да құралы. Яғни, қазақ тілін үйренуге ынталы азаматтарға құр техника емес, жүрекпен сөйлейтін, жан-дүниесін оятатын әдістер қажет. Бұл жерде медиа мен журналистиканың қызметі ерекше: бейнеформат, подкаст, авторлық колонка, деректі фильм, тікелей эфир – бәрі де тіл мен сана арасына көпір бола алады.

Ұлттың болашағы – оның тілімен бірге өрілмек. Сондықтан тілге қызмет ету – мемлекеттілікке, тәуелсіздікке қызмет ету. Қай тіл болмасын, ол – сол халықтың ішкі әлемі. Ал ішкі әлемі бай ұлт – ешқашан жұтылмайды. Тіл – біздің көзімізбен көрмейтін, бірақ жүрекпен сезінетін отанымыз.

Тілдің тағдыры – сөз ұстағандардың қолында. Бұл – үлкен сенім. Сол сенімді ақтау – әр қазақ журналистінің, әр медиа өкілінің, әр ұстаздың, әр ата-ананың борышы. Тіл – ұлттың үні. Ал үн жоғалса, ұлт үнсіз қалады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – тілдің тағдырына бейжай қарау – ұлт болашағына бейжай қараумен тең. Мемлекеттік тіл – жай ғана қарым-қатынас құралы емес, ол – елдің еңсесі, ұлттың рухы, ұрпақтың үні. Ендеше, әр қазақ тілін құрметтеп қана қоймай, оны күнделікті өмірінің, кәсібінің, санасының ажырамас бөлшегіне айналдырса ғана, біз шын мәнінде Тәуелсіз Ел бола аламыз. Сөзге жан бітіретін де – адам. Ал сол сөз арқылы елге жан бітіретін – тілдің өзі.

Айжан Мұратова

Алакөл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы

Мәліметпен бөлісу: