Ата Заңым – айбыным

Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен тұрақтылығының, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының негізгі кепілі. Ата Заң елдің қоғамдық-саяси дамуының берік іргетасы ретінде әрбір қазақстандық үшін айрықша мәнге ие.

Бүгін Үшарал қаласында ««Жанұя» отбасын қолдау және белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының ұйымдастыруымен Конституцияның 30 жылдық мерейтойына арналған «Ата Заңым – айбыным» атты мерекелік іс-шара өтті.

Мерекелік жиынға ауданымыздың белсенді аналары мен ардагерлері қатысты. Шара мемлекеттік Гимннің шырқалуымен басталып, салтанатты сипатта жалғасын тапты.

Алғашқы сөз кезегін орталық директоры А.Садиев алып, жиналған қауымды мерекемен құттықтап, Конституцияның қоғам өміріндегі айрықша рөліне тоқталды. Сондай-ақ, Ата Заңның әрбір азамат үшін құндылығын атап өтіп, баршаға ізгі тілегін жолдады.

Кеш қонақтарына арналып арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Жас өнерпаз Есбол Әлихан домбырамен «Ер Тұран» күйін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Марлан Тұрсынғазынов қонақтармен бірге караокеде ән шырқады. Ал Тезекбай Садиев ақсақал жүрекжарды жыр жолдарын арнап, мерекенің рухын асқақтатты.

Ардагерлер бас қосып, ой-пікірлерімен бөлісіп, Конституцияны қастерлеу – әрбір азаматтың басты парызы екендігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, осындай мерекелік шараның ұрпаққа берер тағылымы мол екенін айтып, ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын жеткізді.

Іс-шара ән мен жырмен әрленіп, көтеріңкі көңіл-күймен түйінделді.

Мәліметпен бөлісу: