Салтымен ата-бабаның,
Жаңғырды қайта заманым.
Тіршілік басы, о, Наурыз,
Қайырлы болғай қадамың.
Міне, айналамыз ақ кебінін сілкіп тастап, қыстай қар құрсанған қара жердің арқасы жібіп көктем де келді. Топырақты жара шыққан алғашқы бәйшешектер бой көрсетіп, тал-теректердің тынысы кеңейді. Өңіріміз өткен Тауық жылы толайым табыстарға кенеліп, межесі биік мерейлі белестерге өрлегені мәлім. Ауданымыздың тұғырын тіктеп отырған қай салаға назар аударсақ та ілкімді істер атқарылып, іргелі жобалар жүзеге асты. Енді міне, жеті қазынаның сапын толықтырған Ит жылы игілігімізді еселеп, ырысымызды ұлғайтсын деген ниетте әз Наурызды дүбірлетіп қарсы алдық.
Табиғатпен етене егіз өскен көшпелі еліміз жер-жаһан жаңарып, жаңғырған сәтті Ұлыстың ұлы күніне балап, бағдарын жұлдыздарға қарап белгілеген бағзы бабаларымыз күн мен түннің таразы басына тең түсер уақытын жаңа жылдың бастауы деп білген. Сонымен қатар, ескіден қалған есті әңгімелерге сүйенсек түркі халықтары адам баласы дәл көктем мезгілінде жаратылған деп сенген. «Аңыз түбі – ақиқат» деген қазақ даналығына сайып келсек, бұл байламның да шындығы болар-мыс.
Нарыздың жиырма бірінші жұлдызында бастау алған дүбірлі думан тірлік қамымен тыным көрмей жүрген алакөлдіктерді бір серпілтіп тастады. Дәл осы күні Д.Қонаев атындағы орталық алаңда «Алтыбақан» жастар кеші ұйымдастырылып, түрлі ойын-сауық шаралары өтті. Аудан өнерпаздары әуезді әндерін әуелетіп, күмбірлі күйлерімен көрермендерді тәнті етті. Қатар қойылған қос алтыбақанның айналасынан балалар үзілмей, Үшарал қаласының құшағы риясыз күлкі мен қуанышқа толды.
Жастар арасында жалпылай биден байқау ұйымдастырылып, мектеп оқушылары өз өнерлерін ортаға салды. Мың бұралған ұл-қыздар ұлттық билерімізді нақышына келтіре орындап, үздік атану үшін барларын салды. Сайыстың қорытындысы бойынша Талапкер орта мектебі аламан басынан көрінсе, М.Мыңбайұлы атындағы және Абай атындағы білім ордалары екінші, үшінші орындарға жайғасты. Сонымен қатар, тұрғындар арасында лоторея ойнатылып, бағы жанған жеңімпазға ұялы телефон сыйланды. Көңілді өткен шараның соңы би кешіне ұласып, жастар бір серпіліп қалды.
Дүбірлі думанның келесі күні «Армысың әз Наурыз!» тақырыбында мерекелік іс-шара түңлігін түріп, өңіріміздің мыңдаған азаматы орталық алаңға жиналды. Ауданымыздағы мекемелер мен кәсіпорындар төрге озған төл мейрамымыздың құрметіне он бес ақшаңқан киіз үй тігіп, қазан көтерді. Әр үйдің алдына ақ дастархан жайылып, ұлттық тағамдарымыздың түр-түрі қойылды. Дәмін татқан жанның таңдайының таңданысын тудырған наурыз көже таратылып, аталмыш астан ауыз тиюге асыққандар көп болды. Иегіндегі сақалы мен иығындағы шапанының салмағына қарамастан ақ батасын арқалай келген аталарымыз бен киесі кимеегінен сезілген әз әжелеріміз думанды шараның мән-маңызын еселей түсті.
Уағдалы уақытында шараның салтанатты бөліміне кезек беріліп, сандуғаш тілдері бір тартынбаған жүргізушілер елдің назарын сахнаға аударды. Ақ жаулығы абыройын арттырған әжелер адыраспан тұтатып, елді бәле-жаладан, қиындық-кесапаттан аластаса, Қыдыр ата шарапаты мол батасын беріп, Ұлыстың ұлы күнін ұлықтай түсті.
Сөз алған аудан әкімі Ә.Жақанбаев түбі бір түркі халықтарының ортақ мерекесімен, жыл басымен жиналғандарды құттықтай келе, Наурыз мейрамының қарсаңында ұйымдастырылған «Алакөл аруы – 2018» байқауының жүлдегерлерін марапаттады. Сұлулық сайысының нәтижесі бойынша үшаралдық Д.Дюсебек «Өнерлі ару», бескөлдік А.Мамырбекова «Үкілі ару, бұрымды бойжеткен», қабанбайлық А.Абылайханова «Көрермендер көзайымы» аталымдарын еншілесе, «Алакөл аруы – 2018» номинациясы көктұмалық А.Зарлыхановаға бұйырды.
Артынша өңір басшысы бастаған бір топ белді, беделді азаматтар тұсау кесер рәсімін өткізіп алакөлдік жеті бүлдіршіннің қадамына құт тіленді.
Қызықтың бәрі мұнымен аяқталмай Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы дайындаған концерттік бағдарлама көрермендер назарына ұсынылып, сахна саңлақтары шараның сәні мен сәулетін есеей түсті.
Қатар-қатар сап түзеген киіз үйлердің маңайында қыз ұзату, сырға салу, беташар, тұсау кесу, бастаңғы, шілдехана, бесік той іспеттес қазақ халқының қағынан жерімеген сал-дәстүр, әдет-ғұрыптары көрсетілді.
Спорттық ойындар да ұйымдастырушылардың назарынан тыс қалмай, салауатты өмір салтын ұстанушылар өзара кім мықтыны анықтап жатты. Таң бозынан күн құбылаға енгенше созылған спорттық ойындар өте тартысты өтіп, бап пен бақ таласына түскен үміткерлер барларын салды.
Сөйтіп, қол жекпе-жегінен А.Тұрсынбеков, гір тасын көтеруден Е.Борашев, арқан тартыстан аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрамасы, футболдан Бескөл ауылдық округінің командасы үздік шықты. «Күш атасын танымас демекші» жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай жерлесіміз Е.Борашев 60 келілік қошқарды 99 мәрте көтеріп, елдің ілтипатына ие болды. Ал боз кілемнің шаңын қаққан қазақ күресінде Ж.Сәкенұлы «Түйе палуан» атағын қанжығалады.
Екі күнге созылған дүбірлі думан Алакөл халқының ырысын еселеп, ынтымағын нығайта түсті десек қателеспеспіз. Жаңа жылды жаңа ниетпен бастауға құлшынған тұрғындар ескі реніш-өкпелерін ұмытып, төс қағыстыра қауышып жатты. Аман-саулық сұрасып, ақжарма тілектерін ақтарған қауымның қуанышында шек жоқ. Ауа-райы да ыңғай танытып, аспаннан күн нұры себездеп тұрды.
Төрімізге озған Ит жылы береке-бірлігіміз бен тастүйін татулығымыздың мәртебесін еселей берсін. Айдынды ауданымыздың айбыны артып, абыройы асқақтай түссін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.