
Еңбекші және Қызылащы ауылдық округтерінде жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне арналған “Қауіпсіз көші-қон және азаматтарды сексуалдық пайдалану мен қорлаудан қорғау” тақырыбында оқыту семинары өткізілді.
Шараның мақсаты – көші-қон үдерісіндегі қауіптердің алдын алу, азаматтардың құқықтарын қорғау жолдарын түсіндіру және түрлі әлеуметтік қиындықтарға тап болатын адамдармен жұмыс істейтін мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру.
Оқыту жұмысын “Жанұя” отбасын қолдау орталығының мамандары жүргізді. Семинар барысында әлеуметтік сала жөніндегі маман Айжан Мұратова, әлеуметтік қызметкер Алтынгүл Тойлық, кейс-менеджер Жанару Сейдалиева мазмұнды баяндама оқып, көтерілген мәселелер бойынша тәжірибелік кеңестер берді.
Кездесуде қатысушыларға қауіпсіз көші-қонның негізгі қағидалары, адам саудасының алдын алу тәсілдері, сексуалдық пайдалану мен қорлаудан қорғаудың құқықтық тетіктері жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар күмәнді жағдайларды ерте анықтау, жәбірленушілерге алғашқы әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету, құқық қорғау органдарымен дұрыс байланыс орнату мәселелері талқыланды.
Семинар барысында жергілікті қызметкерлер өз сұрақтарын қойып, нақты жағдаяттар арқылы ұсынылған мысалдарды бірге талқылауға мүмкіндік алды. Оқыту тәжірибе алмасуға, пікір бөлісуге және осындай қауіптердің алдын алуға бағытталған тиімді алаң болды.
