Мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға арналған оқыту семинары өтті

“Жанұя” отбасын қолдау орталығының әлеуметтік сала жөніндегі маманы Айжан Мұратова және әлеуметтік қызметкер Жанару Сейдалиева Алакөл ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлеріне арнап “Мүгедектігі бар адамдарға қатысты гендерлік және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ден қою қызметтері” тақырыбында оқыту семинарын өткізді.

Семинар барысында Айжан Мұратова мүгедектігі бар адамдарға қатысты гендерлік теңдік, зорлық-зомбылықтың алдын алу, осал топтармен жұмыс жүргізудің кәсіби стандарттары жөнінде мазмұнды баяндама жасап, әлеуметтік қызмет көрсетуде этикалық қағидаларды сақтаудың маңызын атап өтті. Әлеуметтік қызметкер Жанару Сейдалиева тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырауы мүмкін адамдарды ерте анықтау, қауіпті жағдайды бағалау, қауіпсіздік жоспарын құру, жергілікті деңгейдегі қолдау тетіктері мен ұйымдар арасындағы өзара әрекеттесу бойынша кең көлемде баяндама оқып, қатысушыларға нақты мысалдар мен тәжірибелік ұсыныстарын ұсынды.

Шара барысында қатысушылар зорлық-зомбылық жағдайларын дұрыс тіркеу, құпиялылықты сақтау, жан-жақты психологиялық қолдау көрсету және әрбір қызмет алушының жеке қажеттіліктерін ескере отырып жұмыс істеу жолдарын талқылап, тәжірибелік тапсырмалар арқылы күрделі жағдайларда тиімді әрекет ету дағдыларын пысықтады. 

Мәліметпен бөлісу: