Қайырымдылық – қайырлы іс

«Апат айтып келмейді» демекші, Шығыс Қазақстан облысына қарасты Аягөз ауданында жауынның соңы су тасқынына ұласып, тосыннан болған апат жолындағының бәрін жайпап, бір сәтте жүздеген отбасы баспанасыз қалды. Қиындыққа ұшыраған ағайынға көмек қолын созушылар еліміздің түкпір-түкпірінен табылып, қайырымдылық жасаушылардың саны күн санап артқан.

Қайырлы істен алакөлдіктер де шет қалмады. Аудандық әкімдіктің ұйытқы болуымен селден зардап шеккен жандарға материалдық жәрдем көрсету мақсатында «Аягөз жасыма, Алакөл қасыңда» атты акция ұйымдастырылды. Шара барысында кәсіпкерлер, бөлім мен мекеме қызметкерлері, аудан тұрғындары қаржылай және киім-кешек пен азық-түлік түрінде көмек көрсетті. Нәтижесінде 250 қап ұн, 400 мың теңгеге макарон өнімдері, 5 880 000 теңгені құраған үй шаруасының заттары, қант және тұз, консерві өнімдері жиналып, Аягөз ауданына жіберілді.

Сондай-ақ «Жетісу жәрдемі» қайырымдылық шарасы негізінде өңіріміздегі мешіт имамдары да аталған игі іске сүбелі үлестерін қосты. Алакөлдіктердің көмегімен Алла үйінде екі күнде үш тоннаға жуық киім-кешек, көрпе-жастық, азық-түлік және 668 300 теңге қаржы жиналып, іргелес ауданға жөнелтілді.

Қайырымдылық жасау үшін асып-тасып бай болудың қажеті шамалы, ең бастысы мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті. Мәселен, егде тартқан қарт анамыз жолға шыққалы тұрған керуенге келіп, бір бөлке нанын қосып: «Меннен аз да болса көмек болсын, шын жүрегіммен әкеліп тұрмын, Аягөздік ағайынға Алла сабыр берсін»,- деп, ас атасымен бірге жылы лебізін қоса жолдады. Апамыздың бұл ісіне көпшіліктің іші жылып, сүйсіне қарады.

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын көрерсің» дегендей, қайырлы істің ұршығын иірген жерлестеріміз нағыз адамгершіліктің үлгісін көрсете білді. Халқымыздың қанына сіңген игі қасиетіміздің сауабы мол болғай.

Г.Асенова.

 

Мәліметпен бөлісу: