Азаматтық жауапкершілік – елдік ұстаным

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында аудан әкімі Абдинов Алмас Сапарғалиұлы арнайы келіп, орталыққа келуші қарттармен мазмұнды кездесу өткізді. Аға буын өкілдерімен жүздесуді жөн санаған аудан басшысы жиынды ашып, ел өміріндегі маңызды саяси науқан – алдағы референдумның мән-маңызына кеңінен тоқталды.

Әкім өз сөзінде референдумның қоғам дамуындағы орнына назар аударып, әрбір азаматтың таңдауы ел болашағына тікелей әсер ететінін атап өтті.

Кездесудің басты мақсаты – референдум жобасымен таныстыру ғана емес, аға буынның ой-пікірін тыңдау, өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып ортақ байлам жасау болды. Еркін форматта өткен жиында қарттар көкейдегі сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Ашық әрі сындарлы пікір алмасу қоғамдағы бірлік пен өзара құрметтің айқын көрінісіне айналды.

Еңбек ардагері, Алакөл ауданының Құрметті азаматы Қоңыржай Жағыппарқызы сөз алып, референдумның қоғамдағы рөліне терең тоқталды. Ол ел бірлігі мен тұрақтылығының сақталуы – әр азаматтың саналы таңдауы мен белсенді ұстанымына байланысты екенін айтып, жастарға өнеге боларлық парасатты пікір білдірді.

Ал орталықтың суретшісі Қанатай Иманғалиев жүрекжарды жыр шумақтарын арнап, жиынның рухани ажарын аша түсті.

Кездесу соңында қарттар аудан басшысына алғыстарын білдіріп, мұндай ашық форматтағы жүздесулердің маңызын атап өтті.

Мәліметпен бөлісу: