Талдықорғанда жол жөндеу сапасын бақылайтын арнайы жұмыс тобы құрылды

Талдықорған қаласында жол жөндеу маусымының басталуына орай, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын қадағалайтын қоғамдық бақылау тобы жұмысқа кірісті.
Жұмыс тобының құрамына облыстық мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, «AMANAT» партиясының өкілдері, қоғам белсенділері мен салалық басқарманың білікті мамандары енді. Бақылаушылардың негізгі мақсаты – тек қана қателік табу емес, мердігер мекемелерге бағыт-бағдар бере отырып, олқылықтардың алдын алу.
Биыл облыс орталығындағы 8 негізгі көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда Назарбаев даңғылы, Солтүстік айналма жолдан Абай көшесіне дейінгі аралық. Сонымен қатар, радиалды көшелер Ескелді би, Абылай хан, Біржан сал, Шевченко, Абай және Желтоқсан көшелерінде жұмыс жүріп жатыр.
Аталған көшелерде тек жол төсемі ғана емес, жаяу жүргіншілер жолдары мен жиектастарды (бордюр) ауыстыру жұмыстары да қарқын алған.
Жол жөндеу науқаны тек Талдықорған қаласымен шектелмейді. Жетісу облысының барлық елді мекендерінде орташа жөндеу жұмыстары басталды. Құрылған қоғамдық жұмыс тобы алдағы уақытта облыс аумағындағы барлық жол құрылысы нысандарын кезең-кезеңімен аралап, тексеруді жоспарлап отыр.

Мәліметпен бөлісу: