
Мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру – бүгінгі күннің басты талабы. Осы жолдағы ең маңызды қадамдардың бірі ретінде мемлекеттік қызметтегі меритократия қағидатын атап өтуге болады.
Бұл қағидаттың басты мақсаты – мемлекеттік қызметтегі лауазымдардың туыстық байланыс, тамыр-таныстық немесе жеке басына адалдық арқылы емес, тек қана білімі, біліктілігі және іскерлік қабілетіне қарай бөлінуін қамтамасыз ету.
Меритократия қағидаты құрғақ ұран емес, ол нақты құқықтық негізге ие. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 4-бабына сәйкес, мемлекеттік қызметтің басты қағидаттарының бірі – қызметшілердің кәсібилігі мен еңбек сіңірген еңбегіне қарай ілгерілеуі. Бұл заң талабы кез келген азаматтың қабілетіне қарай тең мүмкіндік алуын кепілдендіреді.
Меритократия жүйесінің аясында мемлекеттік қызметші төменгі лауазымнан бастап, біртіндеп жоғары сатыларға көтерілу мүмкіндігіне ие болады. Мұндай тәсіл мемлекеттік органдардағы кадрлардың тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, жас мамандардың жұмысқа деген ынтасын арттырады.
Меритократияның басты жауы – тамыр-таныстық пен сыбайластық. Осы кеселмен күресу мақсатында мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесі толықтай автоматтандырылған. Лауазымдық өсу барысында «командалық ауысуларға» және жеке басына адалдығы үшін қызметке тағайындауға қатаң тыйым салынған.
Жетісу облысында меритократия қағидатын сақтау және мансаптық модельді дамыту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соңғы есептік мәліметтерге сүйенсек, өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің ілгерілеу көрсеткіштері 72% құрайды, яғни ішкі конкурс арқылы лауазымы төменгі сатыдағы қызметшілер есебінен толтырылып отыр.
Мемлекеттік қызметтегі меритократия – бұл әділетті қоғам құрудың негізі. Егер әрбір маман өз орнында лайықты қызмет етсе, мемлекеттік аппараттың сапасы артып, халықтың билікке деген сенімі нығая түспек. Болашақ – білімділер мен еңбекқорлардың қолында. Ал мемлекеттік қызмет сол білім мен еңбектің нақты жемісін көретін, елге қызмет етудің ең мәртебелі алаңы болып қала бермек.
С.С.Ибадуллаева
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Жетісу облысы
бойынша департаменті
мемлекеттік қызмет
басқармасының бас маманы.
