
Бүгін Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында “Отбасы” күніне орай «Жанұя» отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен “Берекелі отбасы — бақытты қоғам негізі” тақырыбында тағылымы мол кездесу кеші өтті.
Шара барысында ақ жаулықты аналар, ардақты әжелер мен жас отбасылар бас қосып, отбасы құндылығы, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық тәрбие мен шаңырақ берекесі жайлы кеңінен пікір алмасты.
Кездесу «Берекелі отбасы — бақытты қоғам негізі» тақырыбымен өрбіп, ең алдымен отбасының қадір-қасиетін дәріптейтін бейнеролик көрсетілді. Одан кейін өмірлік тәжірибесі мол аналарымыз қазіргі қоғамдағы отбасы тәрбиесі, балаға дұрыс тәрбие беру, қазақы құндылықтарды сақтау, келін тәрбиесі мен отбасыдағы сыйластық туралы әсерлі ойларымен бөлісті.
Сонымен қатар жас отбасылар да өз пікірлерін білдіріп, отбасы бақытының негізі — өзара түсіністік, құрмет пен сенім екенін атап өтті.
Тағылымды кеш барысында қатысушылар отбасының қоғамдағы орны ерекше екенін айтып, ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ананың рөліне тоқталды. Әсіресе үлкендердің өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесінің жас буын үшін маңыздылығы кеңінен сөз болды.
