Ит мені қапты деп, оны қапсам…

Қазақ білімінің мәуелі бәйтерегі саналатын Ы.Алтынсарин: «Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс»,- деген болатын.  Осы ретте соңғы уақытта әлеуметтік күрделі мәселеге айналған ұстаз бен шәкірт арасындағы түсініспеушілік даулар өршіп  бара жатқанын байқап отырмыз. Тәрбие қазақ халқының басты құндылығы. Ұстазыдық – ұлық емес, ұлы қызмет. Ендеше сол қасиетті ұғымға нұқсан келтіріп, айды аспанға шығарып жүрген «бірен – саран» ұстаздарымызды қалай жөнге келтіреміз? Олардың балаларға қол көтеру мен балағаттаудағы мақсаты не? Бесіктен белі шықпаған бүлдіршіндерге берген ата — ана тәрбиесі қайда?

Бұл мақаланы бұлай­ша тістелеп тақырып қойып, қоғамды дүрліктірген оқиға туралы жазбас та едім. Егер де дәл осы ахуал еліміздегі бірінші және қайталанбас оқиға болса. Кейінгі жылдардың өткелдеріне көз қадасақ түрлі келеңсіз жағдайлар орын алып жатқандығын аңғара аламыз.  Атап айтқанда оқушының ұстазына дөрекілік көрсетуі немесе ұстаздың шәкіртінің намысына тиетін сөздер айтып, соққыға жығуы. Бұл мұғалімнің яки оқушының ғана емес, бүгінгі қоғамның басты дерті. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деп халқымыз дөп айтса керек. Көпке топырақ шашқаннан да аулақпыз, дегенмен жоққа да шығара алмаймыз. Әбу Насыр әл – Фарабидың: «Ұстаздық мінез-құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да болмауы керек, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек. Өйткені аса қаталдық – шәкіртті өзіне қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру – қадірін кетіреді, берген білімі мен ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады»,- деген сөзі бар.

Осы ретте ҚР-ның Білім туралы Заңның 51-бабында педагог қызметкердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігінің негізі көрсетілген. 2002 жылы тамызда Қазақстанда «Бала құқығы туралы заң» қабылданды. Бұл заң 9 тарау, 53 баптан тұрады. Әркімге өзінің құқығын білу парыз, нормасын сақтау міндет. Оқушы сабақ үстіндегі міндеті мен құқығын білуге тиісті. Шәкірт оқу ордасының табалдырығын аттаған сәттен жауапкершілік мектеп директоры мен ұстаздар қауымына артылады.

Атам қазақтың ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің деген ұлағатты тәмсілі бар. Кейде үйдегі әке-шеше бала тәрбиесіне бейжай қарағандықтан ұстаз бен шәкірт арасында мәселе тууы әбден мүмкін. Бүгінгінің ата — аналары жұмыс басты. Баласының сабағы мен тәрбиесіне жетік көңіл аудармайды. Жасөспірімнің бос уақытында әлеуметтік желі мен ғаламторды пайдалануда шектеу қойылмаған. Қатарынан қалмасын деп ұялы телефон мен компьютер алып берген қамқоршының ақ тілегі мен шын ықыласын олар қайдан түсінсін. Теледидардағы үнді, түрік телехикаларын үй ішімен көретін және өзге елдің дініне табынып, ойынға айналдырған балапандарымыз да аз емес. Алдыңғы буын аға-апаларымыз да қазақылық жоғалып бара жатқанда, заманы техникадан жасалған жастардан не қайыр… Отбасындағы осындай келеңсіз жағдайдан оқушының психикасы бұзылады ма, әлде, қағаздан бас алмайтын, жұмыс пен жанұя мәселесін қатар алып жүретін ұстаздың да әсері бар ма? Сауал көп, жауап біреу. Айналып келіп қоғамға кінә артамыз. Қоғамды да құрайтын сіз бен біз. Бала түгілі ұстаздың ғаламторға тәуелділігі бүгінгі күні үрей туғызады. Тәрбиенің бастауы бала ана құрсағына  біткен кезден дариды. Сондықтан да баланың тәлімі ең алдымен ата-ананың мойнында.

Жаңалықтарға сүйенсек…

Еліміздің бір емес бірнеше облыстарында болған осы жағдайлар көңіл қынжылтады. Алматы облысы, Панфилов ауданы, Үлкен Шыған ауылы мектебінде мұға­лімнің 9-сынып оқушысын соққыға жыққаны да қоғамда біраз дау тудырған болатын. Ақтөбе қа­ла­сындағы №13 мектептің де­не шынық­тыру пәнінің мұға­лімі сабақ уақытында 6-сынып оқушысын ұрып, нәтижесінде баланың миы шай­қалып, бас жарақатын ал­ған. Тағы да  Ақтөбедегі №51 мек­теп-гим­назиясының гео­графия пәні­нің мұғалімі парта үшін 12 жасар оқушысына қол көтер­геннің кесірінен баланың миы шайқалып, ауруханадан бір-ақ шыққан. Әуесқойлықпен ұялы теле­фон­ға түсірілген жазбалардың бірінде Шымкент қаласындағы №24 мектептің математика пәні­нің мұғалімі оқушысының намысына тиіп айғайлап, сынып­тастарының көзінше ұрып жатқаны бейнеленген. Неге ұрды дейсіз ғой? Себебі оқушы есеп шы­ғара алмағаны үшін ашуланыпты – мыс. Бұл іске де жергілікті полиция араласып, ұстаз­дың үстінен қылмыстық іс қаралған.
Мәселен, 2017 жылғы оқу жы­лында Солтүс­тік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Бауман орта мектебінің математика пәні мұғалімі 7-сынып оқушысының кекілін қиып, «2» деген бағаны маңдайына жазып, оқу­шы­ны    күлкіге айналдырған болатын. 2018 жылға аяқ басқанымыз сол еді, жыл басында тағы бір даудың куәсі болдық. Алматы облысындағы мектептердің біріндегі ұстаз үш жыл бойы оқушыларына балағат сөз айтып, келемеждеп, сабақ барысында өзінің жеке бас мәселелерін айтып, балалардың ығырына тиіп келген. Ақыр соңы шыдамы таусылған оқушылар ағынан жарылып жан айқайы дүйім жұртқа мәлім болды. Балағаттықтан басталған кикілжің түбі «сен жетімсің» деген қиянат сөздермен аяқталып тынса керек. Ұстаздық еткенде жалығады екен ғой…

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні

Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын екені көпшілігімізге мәлім. Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүру кез келгеннің қолынан келеді. Әрине, бес саусақ бірдей емес, дегенмен бірнеше ұстаздардың кеселінен таба болып таусылғандар саны қаншама? Қытығына тиген жасөспірімнің сөзіне сыну, ұстаздар қауымына жараспасы анық. Менің мақсатым біреуге  кінә тағу емес, қоғамдағы мәселелердің шешу жолдарын қарастырып, құлаққағыс ету. «Балағабайқап сөйлесең, ақылыңа көнер, байқамай шайқап сөйлесең, көрсетер бір өнер» деген мақал осы жерде өз орнын тапқандай. Әр адам өзін тәрбиелеуді қолға алса, күніге болып жатқан осындай келеңсіз жағдайлар саны азая түсер еді.  Ақыл-ой таразысына салайық.

МАРАЛ ҚУАТҚЫЗЫ.

Мәліметпен бөлісу: