«АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ МҰҚЫРЫ АУЫЛЫНДАҒЫ КӘСІПКЕРДІҢ КӘСІБІН КЕҢЕЙТУГЕ МҮМКІНДІК БЕРДІ

Жетісу облысы Мұқыры ауылында «AMANAT» партиясы жүзеге асырып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл кәсіпкерлерін қолдау бағытындағы жұмыстар нақты нәтижесін беруде. Бағдарлама игілігін көргендердің бірі «Ахметова» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Ақбота Ахметова.
Кәсіпкер жоба аясында 7 миллион 350 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, мал бордақылау кәсібін дамытуға мүмкіндік алған. Бүгінде шаруашылықта 200-ге жуық ұсақ мал мен 10-ға жуық ірі қара бордақылануда.
Сонымен қатар, кәсіпкер пилоттық жоба ретінде құс шаруашылығын қолға алған. Бұл істің тиімділігін байқаған ол бүгінде құс өсіру кәсібін одан әрі дамытып келеді. Қазіргі таңда фермада 600-ге жуық құс бар. Оның ішінде 100-ге жуық бройлер тауығы, 400-ден астам үйрек және 100-ге жуық қаз өсірілуде. Осылайша, ол ұсақ және ірі қара мал өсірумен қатар, құс шаруашылығын да қатар дамытып отыр.


Ақбота Ахметованың айтуынша, «AMANAT» партиясы қолға алған «Ауыл аманаты» жобасы кәсібін дамытуға үлкен қолдау болған.
«Бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алып, шаруашылығымызды кеңейтуге мүмкіндік туды. Бастапқыда негізгі бағытымыз қой бордақылау болды. Қазіргі таңда мал алты ай көлемінде бордақыланып, күз айларында қораға кіргізіледі. Ал көктемде, сақман науқаны басталған уақытта, шаруақожалықтармен келісімшарт негізінде жайлауға жіберіледі. Қазіргі таңда өз аумағымызда қаз, үйрек және бройлер балапандарын бағып отырмыз. Өйткені халық тарапынан сұраныс артып, тұрақты клиенттік базамыз қалыптасты. Шаруашылықта өндірілген құс еті мен майын жергілікті нарыққа шығарамыз. Бұл өнімдерге тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары. Сонымен қатар, қаздың мамығын да тиімді пайдаланып, одан жастық жасаймыз. Бұл біз үшін қосымша табыс көзіне айналды. Ауылда еңбек етіп, кәсібін дамытамын деген адамға мемлекет тарапынан үлкен мүмкіндік бар», – дейді кәсіпкер Ақбота Ахметова.


Айта кетейік, Жетісу облысында «Ауыл Аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға 2025 жылы республикалық бюджеттен 2,5 млрд. теңге қарастырылды. 255 кәсіпкерлерге несие беріліп, 300-ден астам жаңа жұмыс орнын құрылды. ​​​​​2026 жылы 5 млрд. теңге қарастырылып, 271 несие беру, 540 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Оның ішінде 2 млрд. теңгесіне жаңадан 58 кооператив құрылады.

Мәліметпен бөлісу: