
Биыл облыста қала сыртындағы 10 жазғы сауықтыру орталығы жұмыс істейтін болады. 2026 жылғы 25 мамырдағы жағдай бойынша барлық орталықтар жазғы сауықтыру маусымын бастауға дайын. Облыс бойынша 1-10 сынып аралығындағы 117 мыңға жуық оқушыны жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамту жоспарланған, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, демалыспен қамтылатын балалардың 106 427-сі мектеп жанындағы 299 алаңда, 10 350-і қала сыртындағы сауықтыру орталығында демалады. Соның ішінде әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға жататын отбасылардан шыққан 6 500-ге жуық баланың демалысн ұйымдастыру үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. «Балдәурен» республикалық жазғы сауықтыру орталықтары – 201, демеуші және ата-аналар демеушілігі – 2700, кәсіподақ демеушілігімен – 955 бала қамтылады.
1–15 маусым аралығында қала сыртындағы орталықтар кезең-кезеңімен ашылады, ал мектеп жанындағы алаңдар 8 маусымнан бастап толықтай іске қосылады.
— 1 маусымда – «Көктөбе», «Алтын Чажа», «Эдельвейс», «Қарлығаш». 10 маусымда – «Бастау», «Жыланды этно кэмп», «Айналайын». Алакөл жағалауында орналасқан «Жалын», «Шағала», «Жансая» сауықтыру орталықтары шомылу маусымының ашылуына байланысты 15 маусымда іске қосылады. Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру жөніндегі 11 штаб құрылып. Аталған штабтар жазғы кезең бойы жұмыс істейтін болады. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 40 мыңға жуық оқушыны облыстың көрікті жерлері, ұлттық саябақтары, танымдық музейлері, сондай-ақ Алакөл, Балқаш және Қапшағай көлдеріне экскурсиялық-танымдық саяхаттармен қамту жоспарлануда, — деді облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
