Тауанды тарихымыздың тарғыл беттеріне оқтын-оқтын ой жүгіртсек апайтөс даланы билеген, ұланғайыр атырапта салтанат құрған сонау ержүрек сақтар мен дүниені дүбірлеткен жауынгер ғұндардан, көк сүңгілі көктүріктер заманынан тамыр тартатын өткеніміздің өрнекті тұстарының бірі ол – еліміздің мызғымас бірілігі. Небір алмағайып дәуірлердің аласапыран кезеңдерінің өзінде біздің ынтымағымыз ыдырамай, татулық атты құндылығымыз саф алтындай сақталғаны қуантады.
Сол кер замандардың солқылдақ өткеліне шыдас беріп, алағай да бұлағай шешуші шақтарды өзге ұлт өкілдерімен иық тіресе бірге еңсеріп, бір табақтан ас ішіп, бір таяқпен мал бағып, тіршілік тегершігін жұмыла айналдырған жұртымыз дамудың таңғажайып шыңына тек ынтымақпен ғана жетуге болатынын көрсетті. Ат сүрініп болғанша ақыл табатын ділмар халқымыз бүкіл тіршіліктің, адамзат жаратылысының бар мәнісін «Бірлік түбі – тірлік» деген екі ауыз сөзбен ғана түйіндеген болатын. Бұл аттың жалында, түйенің қомында ғұмыр кешкен бабаларымыздың жесірін жүдетпей, жетімін жылатпай, жат ұлтты жақынындай көріп, ел бірлігін сақтап, жаугершіліктің алдын алу мақсатында ғасырлар тереңінен түйген өмірлік бұлжымас қағидаттары. Ардан жаратылған алтын құрсақты аналарымыз, бекзат бейнесінің өзі тәрбиені уағыздайтын әкелеріміз, киесі кимешегінен сезілетін әжелеріміз, сақалды басына салиқалы амалы жарасқан аталарымыз аузымыздан желін нәрі кетпей жатып желік қудырмай, қызыл борбай шағымыздан бастап татулықты, ынтымақты қал-қадірлерінше дәріптеуге тырысты. Оның сыры мыңдаған жылдар мұғдарында тасадан тас атқан әумесерлердің әуселесін қайтарып, қас жауларының қаһарына қасқая қарсы тұра алулары бірліктің ғана арқасында екендігін түсінгендіктерінде.
Грег тарихшысы Фукидид «Сақтармен бәсекелесетін патшалық бүкіл Еуропада жоқ, олардың ауызбірлігінің мызғымастығы соншалық, тіпті мұқым Азияның өзінде олармен бетпе-бет келетін халық табылмайды» деп жалпақ дүниені дүр сілкіндірген бабаларымыз жайлы елеулі ақпар қалдырған болатын. Бүгінгі таңда айдаһарлар елі саналатын жарты әлемді жалпағынан басып жатқан құжынаған Қытай жұртының өзін тас керегенің артына тығылып, мыңдаған километрлік қорған салуларына мәжбүрлеген жаужүрек ғұндар жайлы Цин империясының мұрағаттарында «Олар өте ынтымақшыл, бірліктерінің арқасында жалғыз ат, жалаң қылышпен дүниені дүбірлетіп жүр» деген мағлұматтар кездеседі. Италияндық саяхатшы Плано Карпини бір дерегінде «Қаңлылар мен Қыпшақтар өте тату-тәтті тіршілік кешуде. Олар тіпті бір-бірінің тілін жетік меңгерген» десе, енді бір мәліметтерінде далалықтар жайлы «Олар отбасы ішіндегі тутылықты алдынғы орынға қояды, шаңырақ астында артық-ауыс сөз, ұрыс-керіске жол бермеген. Бір атаның балаларындай бірлік пен тірліктің, әулеттік дәстүрдің намысын жыртқан. Керісінше, көпшілік талқысына тек ел тұтастығына тән шетін шаруалар ғана шығарылып, ар тазалығы айрықша әспеттелген» деп тамсана жазған. Осы желіске тән тағы бір ғибратты мысал қосатын болсақ, жарты әлемді жұдырығында ұстаған Шыңғыс қағанның кезінде жазылған «Моңғолдың құпия шежіресінде» керейлер мен моңғолдар достықтың қадірін биік бағалағандығы, найман, қоңырат, жалайыр тайпалары да осы елмен қарым-қатынастары тек татулықты қана көздеген делінген. Өзге мемлекеттермен де бірлікті біріге көтеріп, халықтың тыныштығын қал-қадірлерінше сақтауға тырысқан. Мәселен, 1758 жылдардағы «Шаңды жорық» кезінде Цин империясының қыспағына ұшыраған Башқұрт-қалмақтарға ыңғайлы жағдай жасап, иелігіміздегі жерлерден шығысқа қарай өткізіп жібереді. Бұл сындарлы саясаттың сойылын соғушы Абылай хан еді. Екі алпауыт мемлекеттердің қақ ортасынан орын тепкен халқын кер замандардың кесапатынан аман алып қалу үшін көршілес жатқан барлық елмен етене жақын араласып, игілігін иен даладан тапқан исі қазақты тар жол тайғақ кешулерден теңселтпей өткізуге тырысқан. Мизамдай нәзік мінезді, жүрегінің әр лүпілінен жылылық лебі есіп тұратын алаш жұртының хандары ғана емес, қоңырқай күй кешкен қойлы ауылдардың қарабайыр халқы да тайып бара жатқандарға таяныш болып, қанатымен су сепкен қарлығаштай өзгеге қол ұшын созудан жасқанған емес. Оған дәлел, 1881-84 жылдары ұйғырлар мен дүнгендерді, 1938 жылы қиыр шығыстан босып келген корейлерді, сұрапыл соғыс жылдары 50 ден астам ұлт өкілдерін, тіпті немістердің өзін өзегінен теппей, бір тумаса да туысқандарындай көріп бауырларына басып, барларымен бөліскен болатын. Тіпті Ресейдің ұлы реформаторы, 34 жыл билікті алақанында ұстаған II Екатерина халқымыздың бірлігі мен мейірімділігіне тамсанып « Қазақтар өздерінің кім екенін білсе, әлемді жаулап алады» деп, алдымен олардың татулығына іріткі салу керектігін ескерткен. Атқа қонса түсуі қиын елдің ынтымағынан тіпті алып держава да сескенгендігін байқаймыз. Еуропалық саяхатшылар мен елшілік қызметіндегілер де далалықтардың бірлікті әлемдегі барлық жұрттан артық әспеттейтіндігін сан мәрте тамсана жазған. Бұл ауанда ұлы дала төсінде сайрап жатқан өзге де мың сан мысал келтіруге болады. Сол мысалдардың тобықтай түйіні бұқарамыздың татулықты тәңірден бұйырған тәбәріктей көріп, тұғырын төмендетпегені. Әйтпесе, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жат елдің тарихшылары мен ғұламалары қазақтардың ынтымағы жайлы таңдай қағып тұжырамдамас еді ғой. Мыңдаған жылдар мұғдарында түзілген дәрумен дәстүріміз дәл осындай тәлімге толы. Осынау ұлттық құндылығымыз кешегі большевиктер заманына дейін өрісті ұласқанын көбіміз жақсы білеміз және енді тәуелсіздік толқынында оны жарасымды жалғастырып келеміз.
Керағар кер заманда солақай саясаттың сойылы тиіп, жаһанды кезіп, босып кеткен жұртты жатсынбай, жақынындай бауырына басқан пейілі кең қазақ халқының дархандығын айтып тауысу мүмкін емес. Сындарлы сыртқы саясатымызды ұстана отырып, еліміздің ішкі әлемінде де алауыздыққа жол бермей, ұлтаралық, ұлысаралық бітімгершілік, діни ымыра мен азаматтық келісім арқылы мемлекетіміздің баянды болашаққа жол тартқан ұлы сапарын бекемдей түсетініміз айқын нәрсе. Осы мақсатта Елбасымыз қазақтың айбыны асып, абыройы тасып, тәуелсіздігімізді тақымға бекем басқан мезетте, тірліктері басқа болса да тілектері бір ұлттарды бір арнада ұйытып, Ассамблеяны құрып этносаралық татулық пен бірлікті жаңа деңгейге көтерді. Ширек ғасыр бұрын алған егемендігіміздің жолында бір мүддеге біріккен халқымызды жетпіс жыл бодансың деп менсінбегендер енді міне босағамыздан бастарын иіп кіруде. Өзгелерін айтпағанда, ең бір алпауыт мемлекеттердің бүйрегі бұрып, еларалық интеграциялық үдерістерге кеңінен жол ашып, барынша мол инвестиция салуға құлшына берулерінің себебі Қазақстандағы саяси, қоғамдық, діни тұрақтылықтың қанат жаюы және Елбасымыздың «әп» дегеннен ақ «ұлтаралық татулық» идеясын ұстануында. Президентіміз осы мақсатқа орай қабылданған «Ұлт жоспары – жүз нақты қадамның» «Біртектілік пен Бірлік» атты төртінші бөлімінде «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін және Қазақстан Халқы Ассамблеасының «Үлкен ел – үлкен отбасы» кең көлемді жобасын әзірлеп, жүзеге асыруды бұйырған болатын. Аталмыш « Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының негізінде, өңіріміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастырып, бірлігі мызғымас мықты қауым қылып ұстап отырған ауданымызда 16 этнос өкілдері тең құқықта аралас-құралас өмір сүріп, татулығымыздың тұғыры сәт сайын беки түсуде. Оған дәлел бүгінгі таңда өңірімізде 31 діни бірлестік, 26 үкіметтік емес ұйымдар мен тартар және словян этно-мәдени орталықтарының белсенді түрде қызмет атқарып тұрғандығы. Аталмыш орталықтар өзге ұлт өкілдерінің тілін, дінін, салтын, дәстүрін ұстануға ұстын болып отыр. Міне осы мәліметтер арқылы өңіріміздегі барлық ұлыстар бір атаның баласындай бірлік туы астында бірегей тірлік кешіп жатқандығын анық байқаймыз.
Жыл құсындай көкті де, көлді де, елді де, жерді де шаттыққа бөлей келетін «Бірлік» мерекесі аясында осы тектес бірер байырғы әңгімені жаңғырту арқылы жадымыздан өшпеген мүбарак қырларымызды тағы бір жария етіп жатуымыз, толғана толқуымыздың белгісі. Себебі, аталмыш құндылықтарымыз ұлы дала елінің ұлт болып ұйысқалы бері уысынан шығармай, жүрек тұсында ғана саф алтындай сақтаған ұлық мұрасы. Хакім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деп айтқан ой-толғамдары да бізді осынау мәңгілік құндылықтарымызға жетелейді. Елбасымыз бір сөзінде: «Жаһандану заманы көп ұлтты мемлекеттер дәуірі. Бұл – әлемдік үрдіс. Еліміздің дамуына барша ұлт бірге үлес қосты. Ендеше, Тәуелсіз қазақ елінің азаматтарын алалауға, бауырластығын бұзуға ешкімнің хақысы жоқ. Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, тату-тәтті, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру – барша қазақтың басты қағидасы болуы шарт»,-деп айтып өткен болатын. Ұлт дегенде ұлағатты сөз айтуға ұмтылатын Патшамыз сындарлы саясатының арқасында 130 дан астам ұлт өкілдерін бір шаңырақ астында ұйытып, этносаралық татулықтың, достықтың, конфессияаралық бірліктің берік негізін қалады. Ендігі біздің мақсатымыз осы құндылықтарымыздың құнын түсірмей, қырын сындырмай, қалыбына құйылған қалпы мираскерлерімізге табыстау екендігі мәлім. Осы орайда басты байлығымыз саналатын татулығымызды насихаттау мәнісінде белгілеген « Бірлік күнінің» үлкенімізге де, кішімізге де көрсетер ғибраты мол. Сонау тоқсан алтының тынымсыз күндерінде бекітіліп осы заматқа дейін дәстүрлі түрде, үздіксіз аталып келе жатқан мереке қазақстандықтардың біртектілігін нығайтып, қоғамның бүтіндігін қалыптастырады десек те қиыс кетпеспіз.
Елбасымыз бір сөзінде «Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік ел болу үшін бізде бәрі бар. Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік»,-деп нақтылап айтқан болатын. Сол сөзінің түйіні ретінде қолданған «Тәуелсіздік», «Тұрақтылық», «Бірлік» ұғымдары ешбір байлыққа алмастыруға келмейтін өміршең құндылықтарымыз. Ендеше, осы құндылықтарымыздың қадірін әрбіріміз жете түсініп, лайым солардың қадір- қасиетін сезіне білейік.
Халқымыздың тұрмысындағы бірлік пен берекенің, бейбітшілік пен тыныштықтың айқын үлгісі мамыражай мамырмен бірге келетін «Қазақстан халқының бірлігі күні» мерекесінен анық көрінеді. Ендеше, осы ынтымағымыз бұзылмай, елдігіміз бүлінбей, татулықтың алтыбақанында тербеле берейік. Саусақ бірікпей, ине ілікпейді демекші өмірлік ұстанымымыздың желісі бір Қазақстанның әр азаматымен ынтымақ-ырыста тірлігімізді түзеп, жұдырықтай жұмылған қалпымыздан айырылмайық, ағайын Беу, қазағым, құтты болсын Бірліктің мерекесі.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ.