
Әлемдік экономикалық тұрақсыздық жалғасып жатқанына қарамастан, Қазақстан тұрақты өсімді көрсетіп келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 6,5%-ды құрап, ЖІӨ алғаш рет 300 млрд доллардан асты, ал жан басына шаққандағы ЖІӨ 15 мың долларға жетті, бұл 2019 жылмен салыстырғанда бір жарым есеге өскен. Бір мезгілде, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және инфляцияны төмендету бойынша жұмыс жалғасуда. Жаңартылған Бюджет және Салық кодекстері жаңа экономикалық саясаттың ең маңызды заңнамалық негізіне айналды.
Мемлекет басшысы экономиканың нақты секторын дамыту экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші екенін атап өтті. 2023 және 2025 жылдар аралығында 3,7 трлн теңгеге 540 өнеркәсіптік жоба іске асырылып, алдағы жылдары шамамен 3 трлн теңге инвестиция көлемімен 200-ден астам жаңа өндіріс орнын іске қосу жоспарлануда. Іске асырылған жобалар қазірдің өзінде 50 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік беріп, жаңа кәсіпорындар іске қосылғаннан кейін тағы 20 мың жұмыс орны құрылатын болады.
Шағын және орта бизнестің айқындамалары тұрақты түрде нығайтылуда. Бүгінгі таңда ШОБ секторында 4,5 млн адам жұмыспен қамтылған, бұл экономикалық белсенді халықтың жартысына жуығын құрайды, ал кәсіпкерліктің экономикаға қосқан үлесі ЖІӨ-нің 40%-дан асады. Тек биыл ғана «Бәйтерек» холдингі арқылы бизнесті қолдауға 8 трлн теңге бөлінді. Агроөнеркәсіптік кешенді, тұрғын үй құрылысын және инвестициялық саясатты дамыту жалғасуда. Өткен жылы 20 млн ш. метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, ауыл шаруашылығын қолдауға 1 трлн теңге жеңілдікпен қаржыландыру бөлінді, ал ауыл шаруашылығы экспорты 7 млрд долларға дейін өсті. Сонымен бірге, шетелдік тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 14%-ға өсіп, 20 млрд доллардан асты, бұл халықаралық инвесторлардың Қазақстан экономикасына деген сенімінің жоғары деңгейін растайды.
