Президент Қ.К.Тоқаев адами капитал елдің одан әрі дамуының басты ресурсы екенін атап өтті. Міне, сондықтан да әлеуметтік саясат мемлекеттік басымдық болып қала береді. Ағымдағы жылы білім беруге, денсаулық сақтауға, ғылымға, мәдениетке, спортқа және әлеуметтік қолдауға 19 трлн теңгеден астам қаражат бөлінді, бұл барлық мемлекеттік шығындардың жартысынан астамын құрайды. Қаржыландырудың мұндай көлемі азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және әрбір қазақстандық үшін тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған.
Әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. «Заңсыз алынған мүлікті мемлекетке қайтару туралы» Заңның арқасында 1 трлн теңгеден астам қаражат қайтарылды, оның айтарлықтай бөлігі 450 әлеуметтік объектіні салуға жұмсалды. «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасын іске асыру жалғастырылып, 6,5 млн бала қазірдің өзінде 2,3 млрд доллар сомасына жинақ алды. Мемлекет білім беру мен денсаулық сақтауға да бірізділікпен инвестиция салуда: соңғы үш жылда 584 мектеп салынды, үстіміздегі жылы тағы 84 мектепті ашу жоспарлануса, ал 2019 жылдан бері 1300 медициналық объекті пайдалануға берілді. Орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жетті, ал мұғалімдердің, медицина қызметкерлерінің және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы соңғы жылдары 1,2 млн адам үшін 50-100%-ға өсті.
VIII Парламенттің жұмысын қорытындылай келе, Президент парламенттік корпусқа ауқымды реформаларды іске асыруға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, елдің стратегиялық даму бағыты төңірегінде қоғамдық бірлікті сақтау қажеттілігін атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, жүргізіліп жатқан реформалардың табысты болуы тек мемлекеттік институттардың жұмысына ғана емес, сонымен қатар әрбір қазақстандықтың белсенді азаматтық ұстанымына да байланысты. Заңға құрмет, жауапкершілік, жасампаз еңбек, әлеуметтік ынтымақтастық және халықтың бірлігі Тәуелсіздікті одан әрі нығайту мен Әділ, Күшті, Қауіпсіз, Таза және Озық Қазақстанды құрудың басты шарттары болып табылады.
