
Жетісу облысының су айдындарында, соның ішінде Балқаш-Алакөл бассейні мен Іле өзенінде 15 сәуірден 16 маусымға дейінгі аралықта балық аулауға тыйым салынды. Бұл шара сазан, көксерке, табан балық сынды өңірдегі басты балық түрлерінің табиғи өсімін сақтауға бағытталған.
Осы кезеңде құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, «Уылдырық шашу» табиғатты қорғау акциясы аясында патрульдеу жұмыстары күшейтіліп, автожолдарда арнайы уақытша бекеттер ұйымдастырылды. Кең ауқымды шараның нәтижесінде табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 100 фактісі анықталды. Оның ішінде 95 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылса, балық аулау қағидаларын өрескел бұзған 5 дерек бойынша қылмыстық іс қозғау үшін материалдар құқық қорғау органдарына жолданды.
Заң бұзушыларға жалпы көлемі 2,4 млн теңге айыппұл салынып, балық ресурстарына келтірілген залал үшін тағы 3,5 млн теңге көлемінде талап-арыз қойылды. Сонымен қатар, браконьерлерден мемлекет пайдасына 4 су көлігі мен заңсыз айналымдағы 0,6 тонна балық тәркіленді.
