Кез келген мемлекеттің даму деңгейін бағалауда макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар құқықтық ортаның сапасы негізгі индикаторлардың бірі саналады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, заң үстемдігі жоғары мемлекеттерде инвестициялық белсенділік, қоғамдық тұрақтылық және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімі де жоғары болады. Бұл үрдіс Қазақстан үшін де өзекті.
Соңғы жылдары елімізде құқықтық жүйені жетілдіруге бағытталған институционалдық реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – құқық бұзушылыққа ден қою ғана емес, оның алдын алу, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және қоғамда заңға құрмет мәдениетін қалыптастыру.
Қазіргі кезеңдегі негізгі сын-қатерлердің бірі – құқық бұзушылықтардың құрылымдық өзгеруі. Егер бұрын дәстүрлі қылмыс түрлері басым болса, бүгінде киберқылмыс, интернет-алаяқтық, қаржылық алаяқтық, синтетикалық есірткінің таралуы, тұрмыстық зорлық-зомбылық және жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелері алдыңғы қатарға шықты. Бұл құқық қорғау жүйесінің тек күштік әлеуетіне емес, аналитикалық мүмкіндіктеріне де жоғары талап қояды.
Мұндай жағдайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң және тәртіп» қағидаты құқық қорғау саласының ғана емес, мемлекеттік саясаттың кешенді бағыты ретінде қарастырылуы тиіс. Себебі қоғамдық қауіпсіздік экономикадан, әлеуметтік саясаттан, білім беру жүйесінен және азаматтық жауапкершіліктен бөлек қарастырылмайды.
Талдау көрсеткендей, құқық бұзушылықтардың басым бөлігі әлеуметтік факторлармен байланысты. Құқықтық сауаттың төмендігі, қоғамдық жауапкершіліктің жеткіліксіздігі, цифрлық қауіпсіздік мәдениетінің әлсіздігі және азаматтардың заң талаптарына немқұрайлы қарауы көптеген құқық бұзушылықтардың негізгі алғышарттарына айналып отыр. Сондықтан қазіргі мемлекеттік саясаттың басымдығы жазаны күшейтуде емес, профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруда болуы тиіс.
Сондай-ақ құқықтық тәртіптің сапасы инвестициялық климатқа тікелей әсер етеді. Кәсіпкер заңның әділ орындалатынына сенімді болса ғана ұзақ мерзімді инвестиция салады. Азамат өз құқығының қорғалатынына сенсе ғана мемлекетке деген сенімі артады. Демек, құқық үстемдігі – тек қауіпсіздік факторы емес, экономикалық өсудің де негізгі шарты.
Қазіргі геосаяси жағдайда ішкі тұрақтылықтың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Сыртқы сын-қатерлер күшейген сайын мемлекеттердің бәсекелестік артықшылығы олардың ішкі институттарының беріктігімен анықталады. Қазақстан үшін мұндай институттардың негізі – заңның үстемдігі, әділ сот, тиімді мемлекеттік басқару және қоғамдық тәртіп.
Осы тұрғыдан алғанда, «Заң және тәртіп» қағидаты тактикалық емес, стратегиялық сипатқа ие. Ол құқық қорғау жүйесін жаңғыртуға, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға және мемлекеттің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сондықтан Қазақстанның алдағы даму кезеңіндегі басты міндеттердің бірі – заңның сөзсіз орындалуын қамтамасыз ететін құқықтық орта қалыптастыру. Бұл құқық қорғау органдарының ғана емес, мемлекеттік институттардың, азаматтық қоғамның және әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Тек осындай жағдайда ғана құқық үстемдігі тұрақты қоғамдық дамудың нақты тетігіне айналады
