«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңындағы маңызды жаңашылдықтар

2026 жылғы 1 шілдеден бастап «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы күшіне енді.
Жаңа Заң мемлекеттік аппаратты түбегейлі жаңғыртуға бағытталған. Бұл құжаттың басты мақсаты — сервистік мемлекет моделін қалыптастыру, мемлекеттік қызметті кәсібилендіру және цифрландыру болып табылады.
Жаңа Заңның маңызды жаңашылдықтардың бірі – «Е-қызмет» цифрлық жүйесі арқылы мемлекеттік қызметке іріктеудің форматын реттейді. Оның тиімділігін ескере отырып, енді кадрларды іріктеу және басқару толықтай цифрлық форматқа көшірілді, бұл ашықтықты және үміткерлердің мемлекеттік қызметке барлық салалардан келуін қамтамасыз етеді.
Атап айтқанда, үміткерлердің жалпы конкурсқа қатысуы жеңілдетіліп «Е-қызмет» цифрлық жүйесі арқылы үйден шықпай-ақ 24/7 конкурсқа қатысу мүмкіндігі берілген.
Жас әрі талантты мамандарды тарту мақсатында заңда мемлекеттік қызметке кіруге даярлау институты енгізіледі. Ол мемлекеттік функцияларды тиімді орындауға қажетті құзыреттерді қалыптастыру мен дамытуға бағытталған білім беру іс-шараларын қамтиды.
Бұл жұмыс жастарды мектеп қабырғасынан бастап жоғары оқу орындарында қамтиды, яғни жастар үшін мемлекеттік қызметті нақты кәсіби мансап ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, жастардың мемлекеттік қызметке кіру тетігін жеңілдету үшін жоғарғы оқу орнын үздік аяқтаған (GPA 3,33 – тен жоғары) түлектерді мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылдау қарастырылған.
Заңда — мемлекеттік қызметті өткерудің негізі айқындалған. Ол мемлекеттік қызметшілерге кәсібилік, отаншылдық, ашықтық, азаматқа бағдарлану, әдептілік және мінсіз бедел секілді талаптар жүктейді.
Заң мемлекеттік қызметтің мақсаты мен оны өткеру негіздері, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге және олардың лауазымдық міндеттеріне қойылатын талаптарды нақты бекітеді.
Сонымен қоса, мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін көтеру үшін қызметтік ауысулар кезінде кепілдіктер, үстеме жұмыс үшін демалыс күндері немесе қосымша ақы төлеу және бір лауазым шеңберінде көлденең мансаптық өсу мүмкіндігі қарастырылған.
Жаңа Заңның басты ерекшелігі – мемлекеттік қызметке деген көзқарасты өзгерту және халыққа қызмет ететін мемлекеттік аппаратты қалыптастыру болып табылады.

                                Қазақстан Республикасы Мемлекеттік 
                                қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы 
                                бойынша департамент басшысының  
                                орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес 
                                хатшылығының меңгерушісі 
                                Арыстан Асқарұлы

Мәліметпен бөлісу: