Ауылым алтын бесігім

  Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген «Туған жер» патриоттық жобасы сан түрлі бағыттарға ие. Кәсіпкерлердің  кіндік қаны тамған өңіріне деген жанашырлығы, одан бұрын елін сүйген ерендігі, жеріне деген ыстық махаббаты әспеттеліп, ешбір өлшемге келмейтін дархандық пен жомарттықтың келбеті көрініс тапқан бағдарламаның берері мол екендігі айқын. Аталмыш бағдарлама өлкемізді, оның қасиетті де киелі жерлерін, сондай-ақ ата-бабалар ерлігін зерттеуге бағытталған кең ауқымды іс-шара екені даусыз. Жобаның Қазақстандағы патриотизмнің ұлғаюына, туған жерге деген сүйіспеншіліктің артуына, әсіресе жастардың Отанға деген махаббатын еселеуге үлес қосары сөзсіз. Осы тектес игі істің тамаша көрінісі ауданымызда да атқарылуда. Атап айтқанда, Екпінді ауылында ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Алтын жүрек» номинациясының иегері Сара Шаяхметқызы «Ауылым алтын бесігім» атты мерекелік шара ұйымдастырды. Аталмыш жиында эстрада жұлдыздары Дана Махамбаева мен Әділ Сламхан жеке шығармашылық кешін өткізіп, құрмет, қошеметке бөленді. Ауданымыздың 90-жылдық торқалы тойындағы туған жерге деген туған перзентінің тартуы «Армысың ата-жұртым – Алакөлім» атты айлықтың алғашқы бастамаларының бірі болды.

Игі шарада аудан әкімінің орынбасары А.Абдинов: «Туған  жерге деген сүйіспеншілік төл тарихыңды тереңнен білуден басталады. Қасиетті мекеннің әрбір тауы мен өзені, сайы мен қыры – тұнып тұрған тарих. Сол байлыққа бергісіз қазыналарымызды көзіміздің қарашығындай сақтау – біздің абыройлы міндетіміз. Халқына пана бола білген, ел есінде қалған біртуар перзенттер жайында жас ұрпақтың білгені абзал. Ел Президенті ұсынған «Туған жер» бағдарламасының мәні – осында»,- деп атап өтті. Өңірге белгілі азаматшаның ізгі бастамасын мысалға келтіре отырып, осы сынды жобалардың жерлестеріміз тарапынан орындалатынына сенім білдірді. Сонымен қатар С.Шаяхметқызына елдің ерекше алғысын айдырып, алдағы ісіне толайым табыстар тіледі.

Әуезді әнге шөліркеген екпінділіктер жан рахаттарын осы кештен басқандай болды. Әншілер репертуарларындағы туындыларға әмен-жарқын билеп, шат-шадыман күйде қалысты. Арда өнерден кемде емес екендіктерін дәлелдеген қос жұлдыз эстрададан бөлек, халық әндерін тірі дауыста орындап берді. Текті жұрттың төредей өнеріне табан тіреген «Қос жүректің лүпілі» тыңдарман көңілінен шыға біліп, қонақжайлылықтың тамаша көріністерін көргендіктерін жасырып қалмады. Талант иелеріне деген ыстық ықыластарын жаудырған аға буын өкілдері осы тектес шаралардың жиі болып тұратындығына үміт білдірді. Бүгінде «Ару-Ана» продюсерлік орталығын басқарып отырған белгілі кәсіпкер С.Шаяхметқызының ізгі амалы көкірегі ояу жандарға мысал болып, аудан абыройын асқақтатын тың жобалар іске асырылады деген ойдамыз.

Т.АЙТБАЕВ.

Мәліметпен бөлісу: