
Отбасы күніне орай Алакөл ауданының «Жанұя» отбасын қолдау орталығы отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын насихаттау және өнегелі отбасылардың өмір жолын кейінгі буынға үлгі ету мақсатында «Отбасылық мұрағат: менің отбасымның тарихы» атты тағылымды іс-шара ұйымдастырды.
Шара аясында Алакөл ауданындағы ғибратты ғұмыр кешіп, береке-бірлігін жарастырып отырған өнегелі отбасылардың бірі – отау құрғандарына 53 жыл толған Зайра апай мен Жеңіс атаның шаңырағына арнайы барып, отбасылық сұхбат ұйымдастырылды.
Жарты ғасыр – бір отбасының ғана емес, тұтас бір әулеттің тарихына айналған қастерлі кезең. Осы жылдар ішінде Зайра апай мен Жеңіс атаның шаңырағында талай қуаныш пен сынақ, еңбек пен ізденіс, маңдай тер мен мағыналы сәттер тоғысты. Елу жыл бойы бір-біріне сүйеу болып, өмірдің ыстығы мен суығын бірге өткерген қос қарияның өнегелі жолы – бүгінгі жас отбасылар үшін үлкен сабақ.
Кездесу барысында ерлі-зайыптылар өздерінің жастық шақтағы қызықты естеліктерімен, еңбек жолдарымен, отбасылық өміріндегі маңызды сәттерімен бөлісті. Сонымен қатар отбасы тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлер мен естелік суреттер көрсетіліп, әрбір дүниенің өзіндік тарихы мен отбасы үшін маңызы әңгімеге арқау болды.
Қарапайым ғана сурет пен көне бұйымның өзінде тұтас бір дәуірдің, отбасы мүшелерінің басынан өткен қуанышты күндердің, маңдай термен келген жетістіктердің ізі жатыр. Осындай отбасылық мұрағат – кейінгі ұрпаққа қалатын баға жетпес рухани қазына.
Сұхбат барысында Зайра апай мен Жеңіс ата ерлі-зайыптылар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықтың, сабыр мен кешірімнің, сенім мен жауапкершіліктің отбасылық берекені сақтаудағы маңызына тоқталды. Жарты ғасырлық өмірлік тәжірибелеріне сүйене отырып, жас отбасыларға ақыл-кеңестерін айтып, шаңырақтың беріктігі ең алдымен ерлі-зайыптылардың бір-бірін құрметтеп, қиындықты бірге еңсеруінен басталатынын жеткізді. Жеңіс ата кездесудің соңында ақ батасын беріп, жас отбасыларға береке, бірлік, баянды бақыт тіледі.
«Отбасылық мұрағат: менің отбасымның тарихы» іс-шарасының негізгі мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, өнегелі отбасылардың өмірлік тәжірибесін насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және жас отбасыларға тағылымды үлгі көрсету.
Сонымен қатар шара арқылы үлгілі отбасылардың өмір жолын, еңбек пен отбасылық тәрбиедегі тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізу, отбасылық естеліктер мен құнды жәдігерлерді сақтаудың маңыздылығын түсіндіру, үлкенге құрмет, кішіге ізет қағидаларын дәріптеу көзделді.
“Жанұя” отбасын қолдау орталығының әлеуметтік маман Айжан Мұратова
