
Отбасы күніне орай «Жанұя» отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Ата-аналар да шаршайды» тақырыбында ерекше форматтағы көңілді іс-шара өтті.
Шара «Сымбат» орталық стадионында ұйымдастырылып, ата-аналар мен ата-әжелерге күнделікті үйдің тұрмыс-тіршілігінен, жұмыстың қарбаласынан бір сәт сергіп, өздеріне уақыт бөлуге мүмкіндік берілді.
Іс-шара барысында қатысушылардың денсаулығын нығайтуға, көңіл-күйін көтеруге және отбасы мүшелері арасындағы жылы қарым-қатынасты арттыруға бағытталған түрлі белсенділіктер ұйымдастырылды. Қатысушылар дене жаттығуларын жасап, сергіту сәттеріне қатысып, скандинавиялық жүріспен айналысты. Сонымен қатар, баршаға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған қызықты «Молекула» ойыны ойнатылды.
Күнделікті отбасының қамын ойлап, бала тәрбиесі мен үй шаруасына, жұмысқа уақытын арнап жүрген ата-аналар мен ата-әжелер үшін бұл шара — өздеріне көңіл бөліп, бой сергітіп, жақсы көңіл-күймен тыныстауға арналған тамаша мүмкіндік болды.
Қатысушылар белсенділік танытып, бір-біріне қолдау көрсетіп, көтеріңкі көңіл-күймен сергіп қайтты.
