
Елдің еңсесін кейде үлкен ғимараттардан емес, қарапайым көріністерден тануға болады. Таңертең сыпырылған таза көше, саябақтағы күтілген гүл, көлеңке берген жасыл ағаш, балалардың алаңда алаңсыз ойнауы – жай ғана көрініс емес. Мұның бәрі ортаға деген көзқарастың нәтижесі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» осы қарапайым көріністердің мәнін тереңдете түсті.
Бастама қолға алынғалы бері еліміздің әр түкпірінде тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, көгалдандыру мен абаттандыруға тұрғындар да белсенді араласа бастады. Бұл жерде маңыздысы – қолға күрек алып, сенбілікке шығудың өзі ғана емес. Ең маңыздысы – адамның өз ортасына деген немқұрайды көзқарасының өзгеруі.
Өйткені тазалықты бір күнде орнатуға болады, ал оны сақтау үшін сана керек.
Біреудің артынан қоқыс жинау – мәселенің уақытша шешімі. Ал қоқысты жерге тастамау – мәдениет. Жаңа орындықты қайта-қайта жөндеу – шығын. Оны сындырмау – жауапкершілік.
«Таза Қазақстанның» қоғамға берер сабағы да осында. Әр азамат өзінің тұрған ортасына аз да болса үлес қоса алатынын түсінуі керек.
Президенттің бастамасы экология мәселесін қоғамдық мәдениетпен сабақтастырып отыр. Бұл – оның маңызды қыры. Табиғатты қорғау, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау, көшені таза ұстау секілді қарапайым әрекеттер біртіндеп азаматтық жауапкершіліктің бір бөлігіне айналады.
Бүгін отырғызылған ағаш ертең саяға айналады. Бүгін тазаланған аумақ ертеңгі ұрпаққа қалады. Ал бүгін қалыптасқан жақсы әдет келесі буынға беріледі.
Сондықтан «Таза Қазақстан» – тек бүгіннің жұмысы емес. Бұл – ертеңге қалатын мәдениеттің негізі.
Таза елдің тынысы да бөлек. Оның тазалығы көшесінен көрінсе, мәдениеті – адамынан көрінеді.
