Тазалыққа бастайтын жол

Тазалық – көзге бірден көрінетін ұғым. Бірақ оның тамыры тереңде. Таза аула, жинақы көше, көгерген саябақтың ар жағында адамның туған жеріне деген құрметі мен ортақ ортаға деген жауапкершілігі жатыр.

Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» – уақыт талабынан туған мәні зор бастама.

Оның ерекшелігі – тазалықты бір күннің міндеті ретінде емес, ел өмірінің тұрақты мәдениетіне айналдыруға ұмтылысында. Бұрын сенбілік дегенде белгілі бір күні қолына құрал алған адамдар елестесе, бүгін бұл ұғымның мазмұны кеңейді. Тазалық – табиғатты қорғау, қоғамдық орынға ұқыпты қарау, ағаш отырғызу, туған өлкені көркейту секілді көптеген игі істің басын біріктіріп отыр.

Бәлкім, үлкен өзгерістердің табиғаты да осындай шығар. Ол бірден көзге түспейді. Бір көшет отырғызылады, бір аула тазаланады, бір адам өзінен кейін қоқыс қалдырмауға үйренеді. Кеше ғана жеке әрекет болған нәрсе уақыт өте келе көпшілік ұстанымына айналады.

«Таза Қазақстан» қоғамды дәл осындай ортақ ұстанымға шақырады.

Президенттің экологиялық бастамаға айрықша мән беруі де сондықтан маңызды. Табиғатты қорғау – бүгінгі күннің ғана емес, келешек алдындағы жауапкершілік. Біз пайдаланған табиғи байлық та, өмір сүріп отырған орта да кейінгі ұрпаққа қалатын мұра.

Ал туған жерді аялау – алыстағы ұраннан емес, табан астындағы топыраққа құрметтен басталады.

Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде «Таза Қазақстан» аясында атқарылып жатқан жұмыстар осы ойдың нақты көрінісіне айналды. Адамдар өз қолымен қоршаған ортаны көркейтіп, ортақ кеңістіктің тағдырына бейжай қарамауға үйреніп келеді.

Тазалықтың қадірі де осында.

Таза елді тек тазалық қызметтері емес, тазалықты қадірлейтін адамдар қалыптастырады. Сондықтан «Таза Қазақстанның» ең үлкен мәні жиналған қоқыстың көлемінде емес, адамның санасында қалған ізінде.

Өйткені елдің тазалығы – оның көшесінен бұрын, азаматтарының жүрегінен басталады.

Мәліметпен бөлісу: