Жаңа форматтағыатаулы әлеуметтік көмек көрсетуді іске асыру мақсатында, Алматы облысында 55 мың адамға 1,8 млрд. теңге көлемінде АӘК тағайындалған.Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындаАлматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Абдалиев хабарлады.
Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа әлеуметтік саясатты қалыптастыру және мұқтаж жандарға көмек көрсетуді күшейту» жөніндегі тапсырмасы бойынша 2018 жылдың 1 қазанынанбастап АӘК жаңа тәсілдері енгізілген. Осыған сәйкес, облыста жаңа форматтағы АӘК көрсетуді әрбір елді мекенде сүйемелдеу үшін 110 ассистент пен 22 консультант тағайындалып, 119 869 адамға түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
«Жаңа форматтағы АӘК еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің бар екендігін ескере отырып, шартты және шартсыз ақшалай көмек күнкөріс деңгейінің 50%-нан төмен немесе 14 142 тг табысы бар отбасыларға беріледі. Осы әлеуметтік көмекті Жетісу өңіріне насихаттау нәтижесінде 55 мыңнан астам адам аталған көмекпен қамтылған. Оның ішінде шартсыз ақшалай көмекке 9520 адам, шартты ақшалай көмекке 45 438 адам ие болған» -, деді Е.Абдалиев.
Сондай-ақ, шартты ақшалай көмек алушылардың ішіндегі еңбекке қабілетті 3551 азаматтың 2145-і тұрақты жұмыс орнымен қамтылса , 811 адам қоғамдық жұмысқа орналастырылған. Ал, азаматтар мен оралмандардың кәсіпкерлік бастамасына жәрдемдесу үшін 12 адамға 3,3 млн. теңге қаржылай көмек көрсетілген.
Айта кету керек, АӘК алушылардың ішіндегі 8278 еңбекке қабілетті азаматтарды жыл соңына дейін белсенді жұмыспен қамту шараларын жүргізу жоспарлануда.
Меруерт Махмұтжан