«Әділет» партиясының қолдауымен «Тең мүмкіндіктер» спорт фестивалі өтті

Жетісу облысында балалар арасында «Тең мүмкіндіктер» атты инклюзивті спорт фестивалінің облыстық іріктеу кезеңі өтті.
Іс-шараны «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалы, партия жанындағы «әйелдер қанаты» Жетісу облысының білім басқармасы, Жетісу облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды.
Спорттық додаға облыстың 8 ауданынан 100-ден астам оқушы қатысып, 3–4, 5–6 және 7–8 сыныптар санаттары бойынша бақ сынады. Қатысушылар бочча, жеңіл атлетика және командалық эстафета бағыттары бойынша өзара сайысқа түсті.


Фестивальдің басты мақсаты – балаларды спортқа баулу, салауатты өмір салтын насихаттау, олардың спорттық қабілеттерін дамыту және әр балаға өз мүмкіндігін көрсетуге тең жағдай жасау.
Жарыс барысында қатысушылар өздерінің ептілігін, шапшаңдығын және табандылығын көрсетіп, спорттық шеберліктерін шыңдады. Сонымен қатар, іс-шара балалар арасында достық қарым-қатынасты қалыптастырып, өзара қолдау мен сенімді арттыруға ықпал етті.


«Әр балаға өз мүмкіндігін көрсетуге жағдай жасау – біздің ортақ міндетіміз. Спорт балаларды тәртіпке, табандылыққа және бір-бірін қолдауға тәрбиелейді. Сондықтан мұндай жарыстарда жеңіспен қатар, баланың жинаған тәжірибесі мен өзіне деген сенімі де маңызды», – деді «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Амангелді Есбай.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Мәліметпен бөлісу: